Маңғыстау облысында рұқсатсыз қоқыс төгілген 98 орын ғарыштық мониторингпен анықталды

Маңғыстау облысында рұқсатсыз қоқыс төгілген 98 орын ғарыштық мониторингпен анықталды

Қоқыс орнының 32-сі Ақтауда орналасқан. Бүгінге дейін 17 нүкте тазартылды. Алайда ұдайы бақылаудың жоқтығынан қайта толып қалады, дейді коммуналдық кәсіпорын өкілдері. Әсіресе құрылыс жүріп жатқан аумақтар тез ластанады.

Қаланың өнеркәсіптік аймағымен қосылатын 1-шағын ауданның қазіргі күйі осы. Айналасы қоқыс үйінділеріне толы. Жаңадан салынып жатқан 16, 20-ықшам аудандардың да тазалығы мәз емес. Кінәлілерді іздеп табу қиын болған соң қала билігі арнайы техникамен тазартуға көшкен.

Бақтияр Мақсатов, қалалық ТҮКШ Бас маманы:

- Қанша тазалық жұмыстарын жүргізгенімен тұрғындар үйінен шыққан жөндеу қалдықтарын тастауды тоқтатар емес. Баянды елді мекенінде орналасқан полигонға жеткізіп, арнайы техника жалдап шығаруыңызды сұраймыз. Қаланың қақ ортасында тұрып, осындай мусормен отыру өзіңізге де жақсы емес деп ойлаймыз.

Шаһар сыртындағы осы аумақ кіші Оймашы көлі деп аталады. Бұл маңда бейнебақылау камерасы жоқ. Сол себепті жылдың басында тазаланған жер қайта ластанып жатыр. Тұрғындарды тәртіпке келтіре алмай шаршаған өкілетті органдар мобильдік топтар құрып, табиғат тазалығын қадағалауды мықтап қолға алған сыңайлы. Енді тәртіп бұзған азаматтарға бірден айыппұл салынады. 

Динара Еңсеген, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы жылдың өзінде 56 құқық бұзушылықтар анықталды. Ескерту түрінде де қолданылды шаралар. Жылына 2 рет, көктем және күз айларында сенбіліктер өткізіледі. Сол сенбілікте осы кіші Оймашының аумағы бірнеше рет тазаланады. Бүгін тағы ластауына көз жеткізіп отырмыз.

Облыста санитарлық талаптарға сай келетін 7 қоқыс полигоны бар. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды уақытша төгу үшін 16 орын белгіленген. Таяу жылдары қоқыс полигондарының санын екі есеге арттыру күн тәртібінде тұр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев