ШҚО: бұрын-соңды су құбыры болмаған ауылға тіршілік нәрі берілді

Шығыс Қазақстан облысында орталықтандырылған су желісіне қосылмаған ауылдарға құбыр тартыла бастады. Қатон-Қарағай ауданындағы Солоновка ауылының халқы осындай игілікке қол жеткізді.  Су құбырын жүргізуге бюджеттен 578 млн теңге бөлінген.

- Мына көршілерден алатын едік, бізде су болмаған ғо мүлде, көршілерден флягтап тасимыз,кір жуамыз монша жағамыз.

Күлмайра Сәрсенбаева алғашқылардың бірі болып үйіне су кіргізіп алды. Енді міне рахатын көріп отыр. Тұрмыстық техника сатып алудың қамына кіріскен. 

- Кір машинамызды даярлап қойдық, әлі қолданғанымыз жоқ, немерем кеп переноскамен кір жуып берді.

Қария 80-нен асқан шағында ғана таза ауыз судың игілігін көрді. Егер осылай жағдай жасалып тұрса ауылдан жұрт көшіп несі бар дейді. Өмір  бойы сауыншы болып істеген әжей орталық су жүйесі құрылысын өте көп күттік деп ағынан жарылды.

Күлмайра Сәрсенбаева, Солоновка ауылының тұрғыны:

- 2019 жылы болады деді, болмады, 2018 болады деді, 2020 болады деп, жоқ болды, енді міне 2021 қолымыз жетіп отыр. Көп адамдар көре алмады. Кәрі кісілер ертерек қимылдаймыз ғой ертерек қамданып суды бірінші болып кіргіздік.

Солоновкаға су құбырын салу мамыр айында басталып күзде аяқталды. Қазір бұл жерде әрқайсына 150 текше метр су сиятын екі резервуар салынған. Әзірге біреуі ауылды сумен толық қамтуға жетерлік. Су жүйесін тарату автоматты түрде басқарылады. Оператор Андрей агрегатты басқарып, апатты жағдайда не істеу керегін арнайы мамандардан үйреніп алған. 

Андрей Перков, оператор:

- Арнайы мамандар келіп кәдімгі дәріс алдық десе де болады. Әсіресе қандай да бір апат болған жағдайда аппаратты қалай басқару керегін үйретіп кетті. Кейбір  нәрсені ұқпай жатсақ қазір де хабарласып сол кісіерден біліп тұрамыз. Егер элекр қуаты өшіп қалса, бірден генератор қосылады, яғни ауыл ауыз сусыз қалмайды. 

«Бұл жердің суы минералды сумен тең» деп мақтанады Андрей. Әзірге Солоновкадағы 182 үйдің 70-тен астамы суды үйіне кіргізіп алған. Қалғандары келер көктемге жоспарлапты. Бұдан бөлек өткен жазда ауылдағы 3 шақырым жол жөнделді. Енді жарықтандыру мәселесі қалды. Ал тұрғындар арасында шаруашылықпен айналысушылар саны артып келеді.  

Марат Елеусізов, Солоновка ауылдық округінің әкімі:

- Біздің округте 80 шаруа қожалығы бар, 12 мың гектар егістік бар, соны пайдаланып мал ұстап жатыр, ірі шаруашылықтар бар, 8 ірі шаруашылық, қалғаны ұсақ отбасылық. 

Солоновкадан бөлек Қатон-Қарағайдағы ең шалғай Аршаты ауылына да тіршілік нәрі берілді. Енді Берел, Шыңғыстай елді мекендерін де осындай жақсы жаңалық күтіп тұр. Жалпы аудандағы ауылдардың 90 процентке жуығы таза ауыз су жүйесімен қамтылды дейді мамандар.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов