Өскеменде халық көп қатынайтын бағыттарға автобус саны көбейтілді

Өскеменде қоғамдық көліктердің қатынау бағыты кеңейеді. Жолаушылар көп шоғырланған шағын аудандарға қосымша тағы 15 автобус бөлінді.

Көлік саны артқан бағыттардағы жүру кестесі қайта қаралады. Бұрын ірі өндіріс жұмысшылары арнайы қызметтік көлікпен жүретін. Енді оларда жұмысқа қоғамдық көлікпен барып келеді. Ал қаланың шетінде жаңадан бой көтерген шағын аудан тұрғындары автобустың жоқтығына талай жылдан бері шағымданып келген. Енді бұл мәселе де шешілді. Шаһардағы жолаушылар тасымалы орталығы биылдан бастап 500 автобусқа электронды жолмен есептесу жүйесін орнатты. Бірақ бұл құрылғы іске қосылған жоқ. Толық істегенде мамандар сол жүйе арқылы қай бағытта жолаушы көп екенін анықтап отырады.

Нұрсұлтан Кәрібаев, жолаушыларды тасымалдау орталығы директорының орынбасары:

- Соңғы бірнеше жылда қалада бірнеше шағын аудан бой көтерді. Онда тұратын тұрғындар саны да бірнеше есеге артты. Ал автобус саны шектеулі болатын. Осыны зерттей келе жаңа аудандарға жаңа бағыттар қостық. Бұрын кәсіпорындар жұмысшыларын өздері тасымалдайтын.Қазір ол жоқ.Сондықтан өндірістік аумақтар бойынша да автобустар жүргізе бастадық.