Ақтөбеде жаңа перинаталды орталық ашылды

Медициналық мекеме бір мезгілде 200-ге жуық аяғы ауыр әйелді қабылдай алады. Бастысы, заманауи құрылғылармен жабдықталған орталық мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақтарға қажетті жағдай жасайды. Соңғы жылдары дәл осы мәселе  өзекті болып тұр. Себебі коронавирус жайлағалы ана мен сәби өлімі көбейген.

Жаңа аурухананың қарқынды терапия бөлімінде жатқан нәрестелер мерзімінен бұрын дүниеге келген. Салмақтары жарты келі шамасында. Алақандай ғана шақалақтарды бағып қағу үшін ауа температурасын бақылайтын арнайы бесіктер мен күрделі медициналық жабдықтар орнатылған. Реанимация бөлімінде барлығы 24 кереует бар. 

Гүлшат Темірбаева, облыстық перинаталдық орталық директоры:

- Облыстық перинаталдық орталығы негізінен мерзімінен бұрын дүниеге келген бөбектерді қабылдайды. Ауыр босанған аналар жеткізіледі. Шалғайдағы ауыл-аймақтан да санитарлық авиацияның көмегімен алдыртамыз. Сондықтан шақалақтарға арналған қарқынды терапия реанимациясы жабдықталды.

Соңғы екі жылда медициналық қызметтің бұл түріне сұраныс күрт артқан. Себебі әлемді жайлаған қатерлі дерттен жүкті әйелдердің де  денсаулығы сыр берді. Статистикаға сүйенсек, өңірде жыл сайын ана мен бала өлімінің 1-2 дерегі тіркелетін. Жаңа перзентхана ашылғаннан кейін жағдай оңалады, дейді мамандар. 

Айгүл Аманжолова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздерде былтыр 13 ана өлімі болса, биыл 12 ана өлімі болып тұр. Оның ішінде 9 жағдай коронавирусты инфекциямен байланысты болды. Сонымен қатар нәресте өлімінің көрсеткіші де былтырғы жылмен салыстырғанда өскендігі байқалады. Әсіресе нәресте өлімінің құрамына келетін болсақ, ерте босану салдарынан шетінеген балалардың саны көп болып отыр.

Облыстық перинаталдық орталықта тәулігіне 20-25 сәби дүниеге келеді. Жылына 7 мыңға жуық ана босанады. Тіпті өзге өңірден келетіндер де бар. Әсіресе Атырау мен Батыс Қазақстан, Маңғыстау мен Қызылорда облыстары тұрғындары ақтөбелік мамандардың көмегіне жүгінеді. 

Андрей Гайдай, облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары:

- Өзге өңірден бізге гинекологиялық және акушерлік қызмет үшін келеді. Ақтөбеде орналасқан медициналық университеттің профессорлық-оқытушы құрамы да елімізге танымал. Сондықтан ғалымдардың білімі мен біліктілігі өңірдегі тәжирибелік медицинаны дамытуға жағдай жасайды. Оның ішінде ана мен балаға да сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндігіміз бар.

Өңірде медициналық туризмді дамытуға жағдай жасалып жатыр. Мамандандырылған оқу орнын айтпағанда Ақтөбе медицина кластері өзге өңір тұрғындарын да қабылдауға қауқарлы. Биылғы жылдың өзінде жергілікті дәрігерлер көрші облыстардан келген 151 адамға жоспарлы қызмет көрсетті. Оның ішінде шетел азаматтары да бар. Мамандардың айтуынша, шекара ашылып, денсаулық сақтау саласы коронавирус зардабынан арылса бұл көрсеткіш бірнеше есе артуы тиіс.

Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев