Көрінген жерге қоқыс төгетіндер жазаланады

Көрінген жерге қоқыс төгетіндер жазаланады

Елордада құрылыстан қалған қоқыс көбейді, деп хабарлайды Хабар 24.

Әсіресе, Есіл ауданындағы тұрғын үй кешендерінің маңында, қар астында жатқан үйінді көп. Ал айналаны ластайтындарды анықтау оңай шаруа емес. Бірақ қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын белсенді топ проблеманы шешудің оңтайлы амалын тапқанын айтады.

Белгіленбеген орындарға қоқыс төгушілерді ұстау үшін белсенділер төңірекке суыққа төзімді жасырын камераларды орнатып кетеді. Қашықтан бейнебақылау арқылы заң бұзушы жүк көліктердің мемлекеттік номерлерін анықтап, полиция қызметкерлеріне тапсырады.

Көбіне мыжылған қаңылтыр құты сияқты өзге де қалдық түріндегі камералар қолданылады. Пилоттық жоба қала әкімдігінің қолдауымен қолға алынды. Биыл қазан айынан бері 60-қа жуық тәртіп бұзушылық анықталып, заңды белден басқандарға шамамен 1,5 млн теңге айыппұл салынды.

Әділет Дәрібек, пилоттық жоба инженері:

– Осындай заңсыз қоқыс тастайтын жерлерге робот орнатумен айналысамын. Көбінесе мұндай жерлерге құрылыс компаниялары құрылыс жұмыстары біткен соң, қоқыстарын лақтырады.

Тазалықты ту еткен команда құрамында 15-ке жуық адам бар. Жасырын бейнебақылау камераларын жастар өздері жасайды, дәнекерлейді, пішін береді. Камера жүйесіндегі жасанды интеллект авторлары да отандық IT мамандар.

Аружан Мадихан, пилоттық жоба менеджері:

– Бұл - ситуациялық орталық. Барлық бейнеақпарат осында келіп түседі, осы жерде өңделеді. Мобильді тобымыздың жұмысын қашықтан бақылап отырамыз. Жасырын камералар, роботтар мен дрон түсірген материалдар арнайы бағдарлама арқылы автоматты түрде ішкі есеп банкіне жолданады. Кейін қала әкімдігіне жіберіледі.

Технология «ақылды» екі бейне жазғыштан тұрады. Олар полигон мен іргелес аумақтағы кез-келген қозғалысты тіркейді. Егер тәртіп бұзушы табылса, жүйе уақыт пен орналасқан жерді белгілейді. Роботтың талдау модулі құқық бұзушылық туралы фотосуреттермен және мәліметтермен есеп жасайды. Қазіргі уақытта 10 мобильді робот пен 2 дрон қолданылады.

Мирлан Алтынбек, Аят Дүйсебаев