Әскери ұшқыштар қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерейтойымен ерекше құттықтады

Қазақстандық әскери ұшқыштар бүгін ел халқын Тәуелсіздік мерейтойымен ерекше құттықтады.

Олар «Менің туым – менің Қазақстаным» атты флешмоб ұйымдастырды. Әскери Ми-17 тікұшақтары Қазақстанның туын әуеде қалықтатты. Жалауы бар тікұшақтарды елорда тұрғындары да, алматылықтар да тамашалады. 

Кеше Нұр-Сұлтан халқы, бүгін алматылықтар аспандағы әсерлі көріністі тамашалауға мүмкіндік алды. Әуе қорғанысы күштерінің жауынгерлік тікұшақтары Қазақстанның мемлекеттік туын көтеріп бірнеше рет жүріп өтті. Бұл флешмоб «Менің туым – менің Қазақстаным» деп аталды. Елорда аспанында Ми-171 тікұшағын Әскери-әуе күштері авиациясының бастығы полковник Нұрлан Байдуллаев пен әуе базасының командирі полковник Мақсұтбек Әділбаев басқарды.

Алматыда көк туымыз желбіреген Ми-17 ұшағын 218-әскери-көлік эскадрильясының командирі, подполковник Амангелді Мәкішевтің экипажы басқарды.

Амангелді Мәкішев, Алматы әуе базасының командирі, подполковник:

– Біздің әскери бөлімімізге ол үлкен жауапкершілік және абырой. Бар Қазақстан халқымызды осы келе жатқан мейрмымызбен құттықтағым келеді. Мемлекеттік туымыз биіктен көрініп, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын.

Патриоттық акцияға қатысу үшін Қазақстандағы ең үздік ұшқыштар іріктелген. Олар жүздеген жауынгерлік дайындық тапсырмаларды сәтті орындап, халықаралық жаттығуларда табысты нәтиже көрсеткен. Сондай-ақ, олар KADEX әскери көрмесіне қатысқан. Өкінішке орай, пандемия елдегі әскери авиацияның қатысуымен өтетін түрлі іс-шаралардың жоспарын өзгертті. Бірақ жауынгерлік дайындық өз бабында.

Дмитрий Тен, аға ұшқыш:

– Биыл екі оқу-жаттығуға қатыстым.  Қыркүйекте Жаркентте және қарашада Отарда халықаралық оқу-жаттығулар өткізілді. Бүгіннен бастап біз 2022 жылғы 7 мамырда өтетін парадқа дайындықты бастадық деп айтуға болады. Бұл дайындықтың бірінші кезеңі деуге болады.

Биыл елордада Қазақстан Тәуелсіздігіне арналған мерейтойлық іс-шара әскери шерусіз өтеді. Бірақ Қорғаныс министрлігі 2022 жылы жеке құрамның шеберлігін және әскери техниканың жаңа үлгілерін көрсетуді жоспарлап отыр. Әскери парад 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні өтеді.

Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко