Атыраудағы балабақшада асық терапиясы қолданылады

Атыраудағы балабақшалардың бірінде қазақтың ұлттық асық ойыны кеңінен дәріптеліп келеді. Оқу-тәрбие ісіне асық терапиясын енгізу баланың ой-өрісін кеңейтіп, кемелденуіне көмектеседі екен.

Жоғары талғаммен әрі көз жауын алар көркем бояулармен көмкерілген асық толы бөлмеге балалар қуана кіреді. Қызыл және көк түске боялған асықтармен жоғары топ балалары берілген сөзге дыбыстық талдау жасайды.

Логикалық, математикалық, сондай-ақ тіл дамытуға арналған ойындардан бөлек мұнда музыкалық аспаптар да асықтан жасалған. Ертегілерді пысықтау үшін де асық қолданылады. Ал шаршаған бөбектерді сергітетін ойын да ерекше.

Ермек Серікқызы, асық терапиясының маманы:

- Қол моторикасын дамытады. Баланы шыдамдылыққа, ептілікке баулиды. Балалар кәдімгідей қызығып, түсін ажыратуға, санауға, сөз байлығын молайтады, сөздік қорын. Дауысты, дауыссыз деген асықтар бар бізде.

Қазір балабақшадағы асық саны 5 мыңға жетіпті. Ал тәрбиешілер 50-ден астам дидактикалық ойын ойлап тапқан. Асықты жинауға ата-аналар көмектесті, дейді балабақша меңгерушісі.

Гүлбану Қонаева, балабақша меңгерушісі:

- Біздер 5 мыңға жуық асықты жинадық. Асықтарды жинағаннан кейін 4 сағат бойына қайнатып, күн сәулесіне кептіріп, залалсыздандырылғаннан кейін ғана біз ойындар түрін дайындауға кірісеміз. Түрлі түсті таңдау арқылы оларды бояп, стандарт бойынша ойын түрін дайындаймыз. Қазіргі таңда бізде 50-ге жуық ойын түрі бар. Олардың өзінің ойнау заңдылықтары бар.

Мұнда дене шынықтыру сабағына да асық қолданылады. Осы арқылы бөбектердің ойлау қабілетін арттырып, тез жетілуіне жол ашады. Қазір асық терапиясын өзге де балабақшалар біртіндеп қолданысқа енгізе бастаған.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин