Қостанайда бюджеттік үйлердің бағасы шарықтады

Қостанайда бюджеттік үйлердің бағасы шарықтады

Былтыр Қостанайда жаңадан салынған бюджеттік үйлердің шаршы метрі 160 мың тенге болса, биыл 200 мың теңгеге көтерілді. Ал коммерциялық баспаналардың шаршы метрі 300 мың теңгеге жетті.

Бағаның шарықтауына құрылыс материалдарының қымбаттауы себеп-дейді мамандар. Бірақ соған қарамастан өңірде құрылыс қарқыны жоғары. Биыл облыста 450 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыру көзделіп отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 25 процентке көп. Аймақта жыл аяғына дейін шамамен 4 мың отбасы баспаналы болады.

Лидия Беленко, облыстық Құрылыс, сәулет және қала қүрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Келер жылы құрылыс көрсеткішін 10 процентке өсіру мақсаты тұр. Баға жайына келсек, биылғы жоба бойынша салынған үйлердің құны өзгеріссіз қалады. Алдағы жылға жоспарланған баспаналардың шаршы метрі қаншаға шығатындығы жобаларды сараптау қорытындысында белгілі болмақ. Бірақ байқауымызша, баға тағы қымбаттауы мүмкін.