Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Қазақстан беделді ұйымға басшы болды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі айдарымызды жалғастырамыз. Бүгін 2010-2011 және 2012 жылдары елде болған елеулі оқиғаларға көз жүгіртеміз.

ҚАЗАҚСТАН БЕДЕЛДІ ҰЙЫМҒА БАСШЫ БОЛДЫ

2010 жылы Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Беделі жағынан БҰҰ-нан кейінгі орында тұрған бірлестікке ТМД мен Орталық Азия аумағында алғаш рет Қзақстан басшылық жасады. Осылайша Еуропаның төріндегі 56 мемлекетке төбе би болып төрелік айтты. 11 жылдан бері бас қоспаған ұйым мүшелерін Елордаға жинап, Астана Саммитін өткізді. Оған әлемнің 75 елінен 5 мыңнан астам қонақ шақырылды. Нәтижесінде Астана декларациясы қабылданды. Құжат аясында ұйымның барлық нормалары, қағидалары мен міндеттері көрсетіліп, оның ауқымы мен аумағы кеңейтіліп, қайта қуатталды.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫСҚЫ СПОРТТАҒЫ ҚАРҚЫНЫ

2011 жылы Тәуелсіз Қазақстан өз тарихында алғаш рет 7-ші Қысқы Азия ойындарын қабылдады. Айтулы дода қаңтар мен ақпан айларында Астана мен Алматы қалаларында өтті. Төрт жылдықтың жарысына 27 елден мыңнан астам спортшы қатысты. Сол жылы спортшыларымыз өте жақсы өнер көрсетіп, 32 алтын, 21 күміс, 17 қола жүлде жеңіп алып, командалық есепте бірінші орын иеленді. Бұған қоса Қазақстан құрамасы алтын жүлде саны бойынша Қысқы Азия ойындарының рекордын жаңартты.

ЕЛГЕ СЕНДІ, СЕНІМ АҚТАЛДЫ

2012 жылы 22 қарашада ЭКСПО Халықаралық көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылданды. Парижде Халықаралық көрме бюросының бас ассамблеясында өткен жиында 161 мемлекеттің мүшесі жасырын дауыс берді. Нәтижесінде 103 елдің мүшесі 2017 жылы өтетін әлемдік көрмені Қазақстан өз деңгейінде ұйымдастыратынына сенім артып, Астананы қолдады. Сол жылы ел спортшылары да төрт жылдықтың додасында тәуір нәтиже көрсетті. Тұманды альбионда өткен тартыста спортшыларымыз 7 алтын, бір күміс, бес қола жүлдені жеңіп алып, жалпы командалық есепте 12 орынға көтерілді. Ұлттық құрама бұрын соңды мұндай нәтижеге қол жеткізбеген еді.