Ауыл тұрғыны шағын трактор құрастырды

Ауыл тұрғыны шағын трактор құрастырды

 

Павлодар облысының Май ауданында бес миллион теңге грант ұтып алған ауыл тұрғыны шағын трактор құрастырып жатыр. Кішігірім ауылшаруашылығы техникасына жергілікті шаруа қожалықтары қызығушылық танытқан. Еліміздің басқа өңірлерінен де тапсырыс берушілер табылып жатыр. Әмбебап техниканың бағасы арзан болғанымен атқаратын қызметі орасан зор көрінеді.

Тірлігі таусылмайтын ауыл өмірі үшін шағын техниканың алар орны ерекше. Шөп жинап, ауланың қарын күреуге, қора тазалауға өте ыңғайлы.

Ерлік Тайшыбаев, жеке кәсіпкер:

– Келешекте жоспар бойынша біз енді мототрактор шығарайын деп жатырмыз. Ол енді жекеменшіктерге, кішкентай ауласы бар адамдарға керекті мототрактор. Себебі ол мототрактормен мысалы айтқанда жер жыртуға болады, культивация жасауға болады. Картоп салып, картоп жинауға болады.

Айта берсе шағын трактордың атқаратын қызметі өте көп. Жоба авторы Ерлік Тайшыбаев қолдан құрастырған техниканы патенттеп үлгермепті. Сондықтан өндірістік жолға қою әлі ертерек. Бірақ ауылдағы әрбір үйде осындай көмекші болуы керек деп есептейді ол. Оның үстіне шағын трактор сатып алғысы келетін шаруалар өзге өңірлерден де хабарласқан.

Ерлік Тайшыбаев, жеке кәсіпкер:

– Біз енді мониторинг жасадық сұраныс бойынша. Негізі сұраныс осы ауылшаруашылыққа, шаруаларға осы мини-трактор қажет. Себебі көп жақтан хабарласып жатыр. Қазақстан бойынша 30-40 қоңырау түсті. Енді келгісі келеді оңтүстік өңірден. Шымкенттен, Түркістаннан келеміз деп жатқандар бар.

Трактор құрастыруға қажетті қосалқы бөлшектер ресейден алынады. Бір бөлігі облыс орталығынан жеткізіледі. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Медет Бақауов, Май ауданы ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

– Бизнестің Жол картасы-2025 бағдарламасы арқылы аудан бойынша екі кәсіпкеріміз өзінің гранттарын алды. Бұл грант дегеніміз жаңа бизнес-идеяларға беріледі. Оның бірі осы жерде тұрғанымыз ИП «Димаш». Ол жаңағы шағын трактор шығару. Мини трактор. Бұл кісі 5 миллион теңге грант алды.

Дәл осындай грантқа ие болған Май ауданының тағы бір тұрғыны әлеуметтік асхана мен мүмкіндігі шеутеулі балалар үшін ойын алаңын ашыпты.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболатұлы