Қыстың әлегінен болған оқиға үшін кімді жауапқа тартамыз?

Ауладағы омбы қар, сүрілмеген сүрлеу, тазартылмаған жол, шатырдан жерге сұғынған мұз. Тайып жығылып мертіккен, басына қар құлап миы шайқалған жұрт. Бұл күн суытып, қар түскенде көретін әдеткі көрініс. Сонда тұрғынның қауіпсіздігіне кім жауапты? Әкімшілік пе, әлде басқарушы компания ма? Аула мен жолдағы қалың қарды кім аршиды? Қыстың әлегінен болған оқиға үшін жауапқа қалай тартамыз? 

Арын Нұқышев елордадағы тұрғын үйлердің бірінде мүлік иелері бірлестігінің төрағасы. Үй маңындағы қарды тазалауға үнемі ұқыппен қарайды. Аулаға ақ ұлпа түскен күннен бастап, жиналған қарды күреу үшін тиісті компанияға қолқа салады.

Арын Нұқышев, МИБ Төрағасы:

- Сервистік компаниямен келісім жасалған. Бұл мәселені тікелей өзім бақылауда ұстаймын. Өйткені қар қалыңдап кетсе, қақпа ашылдмайды, жедел жәрдем, басқа да шұғыл қызметтердің аулаға кіруі қиындайды. Еңбегіне қарай өнбегі. Егер олар жұмысын дұрыс атқармаса, ақысын төлемейміз.

Заң бойынша басқарушы компаниялар үй іргесінен 5 метрге дейінгі жерді ғана күреп, тазалауы керек. Одан кейінгісі қалалық коммуналдық қызметтің міндетіне кіреді. Алайда ауланы тазалау тәртібі климаттық ерекшелікке байланысты, әр өңірде әрқалай. Мысалы, Нұр-Сұлтанда мейлі мүлік иелері бірлестігі болсын, мейлі пәтер иелері кооперативі болсын қардың қалыңдығы екі жарым сантиметрден асса, оны тазалау қажет.

Марғұлан Әбдікәрімов, аймақтық даму және методология департаментінің жетекшісі:

- Сервистік компания қар түскен кезден бастап қимылдауы керек. Қар екі-үш сағат үздіксіз жаууы мүмкін. Осы аралықта ол әжептәуір қалыңдап қалады. Егер оны дер кезінде аршып отырмаса, тапталып, артынан тазалау қиындайды. Міне, сондықтан қармен бірге қимылдау маңызды.

Осы қағида бойынша жерге түскен қар үш күннің ішінде тазартылуы керек. Бірақ қарды аулада үйіп қоюға тағы болмайды. Ол бірлестіктің өз күшімен қала сыртындағы арнайы полигонға шығарылуы тиіс. Алайда мына шағын ауданның тұрғындары бұл міндет үнемі орындала бермейтінін айтады.

- Біздің үйдің қасында қар жинап жатқанын көрген жоқпын. Білмеймін.

- Мы постоянно утопаем в снегу, передвигаться очень сложно. 

- Жаман жинайды.

- Неге?

- Білмеймін.

Ауланың тазалығы былай тұрсын, кейбір үйлердің шатыры да қарға толып тұрады. Оны қардан аршу да мүлік иелері бірлестігі мен пәтер иелері кооперативінің міндетіне кіреді. Өйткені төбеден құлаған қардан жыл сайын ондаған адам зардап шегеді. 

Шіңгіл Елеусінов, заңгер:

- Әрине егер төбеден қар құласа оған сол үйдің басқармасы жауап береді. Оны міндетті түрде тіркеу керек. Егер сізге зақым келсе, тайып жығылсаңыз жедел жәрдемді, полиция қызметкерлері және сол тұрғын үйдің басқарушыларын шақыртыңыз. Одан кейін шығынды не ерікті түрде, не сот арқылы өтетуге болады.

Биылдан бастап ауланы уақытылы тазартпаған және қарды шығармаған мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтеріне айыппұл салынып жатыр. Егер қызмет көрсетуші мекеме ескертуді елемесе, заң бұзушылықты жоймаса, 290 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.