СҚО-да жылдап жылжымаған пәтер кезегі мәселесін шешу үшін үйлер салына бастады

Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында талай жылдан бері жылжымай тұрған пәтер кезегі мәселесін шешу үшін жаңадан үйлер салына бастады. Мәселен, Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы – Новоишимское ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алғашқы ипотекалық баспана бой көтеріп жатыр. Ол пәтерлер кімге бұйырады?

Новоишимское ауылында тағы бір 50 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Бұл аудан орталығындағы алғашқы ипотекалық баспана болады. Оның құрылысына «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 560 млн теңге бөлінді.

Кәрібай Шаяхин, құрылыс компаниясының директоры:

- Қазіргі кезде мұнда 35 адам істеп жатыр. 35 адам кладканы бітіріп жатыр. Сол енді қалғандары мына төбенің жұмыстарын бітіріп, енді жаңа жылға дейін төбені жауып тастаймыз. Кірпішті Қостанайдан алып жатырмыз. Қостанай мен Көкшетаудан. Основной материалдың көбін Қостанайдан, Петропавлдан аламыз. 

Ғабит Мүсірепов ауданының орталығында 700 адам пәтер кезегінде тұр. Жылдар бойы өзгермеген тізім бірте-бірте жылжи бастады. Елді мекенде жыл сайын жаңадан бір-бір баспанадан бой көтереді.

Айдын Қазжанов, Ғабит Мүсірепов аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Бұл аудан орталығында салынып жатқан алтыншы үй. Бұған дейін пәтер кілттерін көп балалы отбасылар, жетім балалар алды. Ал мына баспана мемлекет бекіткен баға бойынша кезекте тұрған басқа да адамдарға ипотекаға берілген. Егер сұраныс болып, өтіп жатса, онда тағы саламыз.

Құрылыс материалдарының қымбаттауы жұмыс кестесіне кедергі келтірген жоқ. Жергілікті билік өкілдері жүзеге асып қойған жобаларды қайта қарап, қосымша қаржы қосты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов