Шағын шаһарда тұрғын үй құрылысы қарқындады

Шағын шаһарда тұрғын үй құрылысы қарқындады

Биыл Қарағанды облысының Балқаш қаласында 16 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Мамандардың айтуынша, шағын шаһарда құрылыстың осылай қарқын алуы бұрын болмаған. 

Торғын Табылдинованың жолдасы осыдан 6 жыл бұрын өмірден озған. Содан бес баласымен әр жерде пәтер жалдап келіпті. Мейрамханада аспазшы болып еңбек ететін жалғызбасты ана жалақысын жеткізе алмай қиналған. Енді ол күндер артта қалды. Кезегі келіп, жаңа үйден екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

Торғын Табылдинова, Балқаш қаласының тұрғыны:

– Осы үйді ұзақ күттім. Жалдамалы пәтерде тұратынбыз. Бүгін, міне, қуанышым қойныма сыймай тұр. Үйіміз өте жақсы, көңілімнен шықты. Бала-шағам, бәрі қуанып жатыр, үйіміз жылы.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 90 пәтерлік мына екі үй Тәуелсіздік мерекесі күні тапсырылады. Осылайша жыл басынан бері 146 отбасыға баспана беріліп отыр. Мамандардың айтуынша, келешекте бұл аумақта жаңа аудан бой көтермек. Жуырда 45 пәтерлі тағы екі үйдің құрылысы басталған.

Саятбек Мусин, Балқаш қаласы Құрылыс бөлімінің басшысы:

– Қазір құрылыс көлемі былтырғы жылға қарағанда едәуір көп, 16 мың шаршы метрге жетті. Осыдан 1-2 жыл бұрын 8-9 немесе 5 мың шаршы метрге дейін ғана салатынбыз. Қазір, міне, қаражат бөлініп жатыр. Жеке кәсіпкерлердің де қаражатына салынып жатыр. Енді мұндай үдеріс жалғасады деп ойлаймыз.

Қазір Балқаш қаласында 1600 адам пәтер кезегінде тұр. Жаңа үйлер көбейген  сайын, баспана алғысы келетіндердің де қатары артқан. Осыған орай, алдағы жылы құрылыс аумағын 20 мың шаршы метрге жеткізу жоспарда.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев