Ақтөбе облысының құтқарушыларына жаңа көліктер берілді

Ақтөбе облысының құтқарушыларына жаңа көліктер берілді

Өңірдегі төтенше жағдайлар қызметінің автопаркі ел егемендігінің 30 жылдығына орай 30-дан астам арнайы техникамен толықты, деп хабарлайды Хабар 24.

Іңкәрбек Жолымбетов өзі қызмет ететін Әйтеке би ауданына өрт сөндіру және жол талғамайтын екі бірдей көліктің берілгеніне қуанышты. Жаздың аптап ыстығында даладағы қураған шөптің жануынан көз ашпайтын өлке бұл техникаларды көп күткен еді. Әрі қолда бар сегіз көліктің үшеуі ескірген. Соның салдарынан соңғы жылдары қыс кезінде жолда қалған жолаушыларға да қызмет көрсету ойландыра бастапты. 

Іңкәрбек Жолымбетов, Әйтеке би аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

– Біздің Қарабұтақ ауылындағы өрт сөндіру автокөліктері ескірген болатын. Сол себепті қазіргі таңда алып жатқан техникамыз бізге өте қажет және жеке құрамның авариялық-құтқару жұмыстарының орнына немесе төтенше жағдайлар орнына жедел жеткізуді қамтамасыз ету үшін жеңіл автокөлік. Соған да өте қуаныштымыз.

Жаңа көліктер облыстың өртке қарсы бөлімшелеріне берілді. Бұл мақсатқа бюджеттен бір млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Дегенмен, қажеттілікті толық өтеу әзірге ерте екен. Себебі жыл өткен сайын ұлғая түскен облыс орталығынан өзге шалғайда орналасқан кейір ауылдарға да арнайы техникалар керек.

Марғұлан Аманбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

– Әйтеке, Хромтау, Мұғалжар – ең үлкен аудандар. Ол жерлерге біз арнайы техникаларды көп беріп жатырмыз. Себебі ол жерлерде қысқы борандарда адамдар далада қалып қоятын болса, соларға көмек көрсету жұмыстары атқарылады. Сондай-ақ өрт сөндіру, дала өрттері соның бәріне біздің қызметкерлер оларды жойып, ескертіп отырады.

Жалпы алғанда облыстық төтенше жағдайлар департаменті өкілдері қолда бар техникалардың әлі 40 процентін жаңарту керек дейді. Ол үшін жол картасы әзірленіп, соған сәйкес атқарылатын іс-жоспар бекітілген. Ал алдағы уақытта өрт оқиғаларына жедел әрекет етуді арттыру үшін өңірде қосымша бес бекет салынып, қажетті жабдықтармен қамтылмақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев