Қазақстанда 2016 жылы жер сатуға мораторий жарияланды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған дәстүрлі айдарда 2016 жыл мен 2018 жылдар аралығында болған айтулы оқиғалар тізбектелді, деп хабарлайды Хабар 24.

2016 жылы жер реформасы болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексіне енгізілген өзгерістерге 5 жылға мораторий жариялап, тиісті комиссия құруды тапсырған. Ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жекеменшікке, шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жалға беруге шектеу қойылды.

EXPO-2017 КӨРМЕСІ

2017 жылы елордада «ЭКСПО» халықаралық көрмесі өтті. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы ауқымды шара үш айға созылды. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені барлығы 4 млн адам тамашалады. Оның iшiнде 178 елдiң өкiлi бар. Қазір «Нұр Әлем» павильоны музейге айналды.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА МЕГАПОЛИС ПАЙДА БОЛДЫ

2018 жылдың 19 маусымында Қазақстанда жаңа мегаполис пайда болды. Дәл осы күні күллі түркі әлемінің киелі мекені – Түркістан қаласы Түркістан облысының орталығы болып жарияланды. Ал халық саны бір миллионға жеткен Шымкент шаһарына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді.