Шымкент әуежайына жарылғыш заттың қойылғаны жалған болып шықты  

Шымкенттің әуежайына жарылғыш заттың қойылғаны туралы хабарлама жалған болып шықты.

Ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін әуежайда бір сағат бойы тексеру жұмыстары жүрді. Полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер, ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары жұмыла жұмыс жүргізді. Жұртты шошытқан хабарландырудың салдарынан әуе қатынасы тұралап, ұшақтарды терминал маңынан алшақ ұстады. Әуежайдың барлық қызметкері мен жолаушылары эвакуацияланды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау әуе рейстері өз уақытынан 1,5 сағатқа кешікті. Жалған хабарландыру бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Жомарт Махмут, Шымкент әуежайының заңгері:

– Эвакуация туралы бізге хабарландыру келді. Барлық қауіпсіздік органдары, өрт сөндіру қызметтері, ТЖД, Полиция қызметкерлері келді. Тексеріс жүргізді. Қазір бәрі аяқталды. Жолаушыларды ішке кіргізіп, рейстерді іске қостық. Үш рейсте 1,5 сағаттық кідіріс болуы мүмкін.