Түркістан облысында биыл бес мыңға жуық адам тұрмыстық жанжалдың құрбаны болған

Түркістан облысында жыл сайын мыңдаған адам түрлі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Отбасылық жанжалға қарсы жүйелі жұмыстар жүргізілгенімен нәтиже көңіл көншітпей отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Жадыра Бейсенбаева – Кентау қаласының тұрғыны. Үш баланың анасы. Биыл күйеуімен отасқанына 15 жыл болыпты. Алайда жолдасының тұрақты жұмысы болғанымен ащы суға құмарлығы үйдегі берекені кетірген. Жиі-жиі қол көтеріп, балалардың да мазасын алатынын айтады. Тіпті бір жолы келіншекті буындырып, өлтіріп қоя жаздапты. Отбасын сақтап қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған келіншек, енді бұдан әрі шыдай алмайтынын айтады.

Жадыра, Кентау қаласының тұрғыны:

– Үлкен баламның өзі 9 сынып оқиды. «Мама, қоя салыңызшы. Шаршадық осындай ұрыстан. Сіздің де жүйкеңізге тиеді, бізге де әсер береді. Тыныштық болмайтын болды ғой үйде» дейді. Екі күннің бірінде ішеді, екі күннің бірінде ұрыс-керіс. Үлкендерге бірауыз айтқам «осындай болып жатыр. Балаларыңызға бірауыз айтыңыздаршы» деп. Әке-шешесін тыңдайтын бала емес, тыңдамайды. Ешкімге бағынбайды. Кейде не істерімді білмей жылап алам.

Психолог мамандардың айтуынша, мұндай мысалдар көптеп кездеседі. Отбасындағы жанжалдың құрбаны тек әйелдер мен балалар ғана емес, қазір ер адамдар да көп шағымданатынын айтады. Отбасылық зорлық-зомбылықтың негізгі себебінің бірі – жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, маскүнемдік пен нашақорлық. Ал психологтар жанұядағы жанжалдың бұдан басқа да бірнеше түрі бар екенін, онымен тұтас қоғам болып күреспесе, бір ғана психологтың қолынан ештеңе келмейтінін алға тартады.

Ақбота Хамит, психолог:

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың экономикалық, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылықтың саны күрт асты. Әсіресе кәмелет жасына толмағандар арасында ерте жүктіліктің орны ең жоғарғы деңгейде тұр. «Мені кезінде ата-анам осылай тәрбиеледі. Мен көріп өстім, мен де осы нәрсені отбасыма көрсетсем, ол да қалыпты нәрсе ғой» деген ой түйсікте қалып қойған. Тек бір тараптың ғана онымен жұмы істеуімен біз бұны тоқтата алмаймыз.Бұған мемлекеттік ұйымдар, мемлекет тарапынан бірлескен жұмыс арқылы тоқтата алмасақ, жалғыз адамнан өзгеретін нәрсе емес.

Биыл 11 айда өңірде 5 мыңға жуық адам түрлі тұрмыстық жанжалдың құрбаны болғанын айтып, полицияға шағымданған. Бірақ бұл ресми тіркелгені ғана. Алайда көптеген отбасылар үйдегі ұрыс-керісті сыртқа шығармауға тырысады,-дейді тәртіп сақшылары.

Жанар Қалабаева, облыстық ПД жергілкті полиция басқармасының аға инспекторы:

– Жәбірленші зорлық-зомбылық көрген әйел бізге арызданып келген жағдайда біз оның отбасымен профилактикалық жұмыс жүргізіп, күйеуінен қорғау нұсқамасын аламыз. Егер 30 күнде күйеуі түзелмей, ары қарай отбасына зәбір көрсететін болса, соттың шешімімен ерекше талап қойылады. Сонда да түзелмесе, әкімшілік қамауға алынады. Әрі қарай қайталана беретін болса, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылу жазасы қолданылады.

Кез келген тұрмыстық жанжал ушығып кетуі мүмкін. Сондықтан мамандар үйдегі кикілжің бақылаудан шығып бара жатқанда бірден «102» нөміріне хабарласуға кеңес береді. Әйтпесе, соңы қайғымен аяқталуы мүмкін екенін ескертеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш