Қызылорда облысында мал басы артқан, бірақ экспорт көлемі аз

Өңір тарихындағы мал басы ең көп кезең 1990 жылдардың бас кезінде тіркелген. Қуаңшылыққа қарамастан биылғы көрсеткіш сол деңгейден асып түсті, деп хабарлайды Хабар 24.

Өңірде ет және сүт өндірісінің көлемі бірнеше есеге артып отыр. Аймақта 25 мың бас малды бордақылайтын алаң жұмыс істейді. «Агрокарта» аясында облыс шаруалары 2022 жылға дейін ет экспортын 5 есеге ұлғайтып, 200 мың тонна сиыр етін шетелге сатуды жоспарлаған болатын. Бірақ халықаралық стандарттарға сай келетін ет өндіру комбинаты болмағандықтан экспорттық меже орындалмай отыр.

Жыл сайын Қызылорда облысынан Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Моңғолия және Өзбекстанға 2 мыңға жуық мал басын экспорттайды. Жартылай фабрикатталған өнім даярлайтын аспаздық-фабрика мен 7 мың тонна тоқты етін өңдейтін комбинат әлі іске қосылмағандықтан мал тірілей сатылып жатыр. Осы ретте аймақ басшылығы шағын цехтарды қолдау тетіктерін жаңғыртуға көшті. 2005 жылы Шиелі ауданында ашылған шұжық цехы қондырғылары ескіргендіктен соңғы 2 жыл тоқтап тұрды. Кәсіпкерлікті қолдау жобасы аясында өндірісі қайта жанданған нысанда қазір шұжықтың 12 түрі дайындалады. Агрокешен малды өздері бордақылап, сойып, терең өңдеу желісін жолға қойған.

Фатима Маханбетова, кәсіпкер:

– Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы біз 32 млн теңге алдық, қондырғымызды жаңарттық. Одан кейін облыс әкімінің көмегімен 2%-пен 20 млн теңге алып, оған мал, жем-шөп алдық. Тәулігіне 500-700 кг өнім шығара аламыз. Жалпы келгенде Қызылорда облысын қамти аламыз деген мақсаттамыз. Нарыққа кіріп жатырмыз және де қазіргі технологияға байланысты вакуумға салып этикетка жаңартып жатырмыз.

Қазір Иран, Қытай, Моңғолия және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер Қазақстанда өндірілетін табиғи өнімдерге қызығушылық танытып жатыр. Агросекторға инвестиция тартуды үйренген аймақ шаруалары алдағы жылдары ет өндіруді 13 мың, ал сүт өндіруді 68 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін өңірде мал азығының баланстық жүйесі мен асыл тұқымды түлікті баптаудың жаңа биотехнологиялық тәсілдерін жетілдіру қажет. Ал жем-шөп қоры жеткіліксіздігі биылғы қуаңшылықта айқын сезіліп қалды. Қолдағы мал қыстан шығу үшін керекті шөп толық жиналды. Бірақ 213 мың тонна жем қоры әлі жасақталмаған.

Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– 490 тонна бидай жемі сатып алынып, шаруашылықтарға берілді. Онан басқа 140 тоннаны Ақтөбе, Түркістан облыстарынан шаруалар өз күштерімен сатып алды. Күріш сабанын дайындау жөнінде тапсырма болған 180 мың тонна көлемінде ол толығымен орындалды. Жүгері сүрлемі 8 мың тонна көлемінде жоспар қойылды. Ол да орындалуға жақын. Бидайдың жеміне өтінімдер жинап жатырмыз. Қанша қажет болады соны азық-түлік корпорациясына жолдаймыз.

Қызылорда облысындағы жайылым жердің аумағы 10 миллион гектар шамасында. Ел-жұрт соның 2 миллионын ғана пайдаланып отыр. Аймақта қазір малдың бағасы арзандау, бірақ ет пен жем-шөптің құны аспандап тұр. Былтыр 500 теңгеден сатылған жоңышқаның бір орамы қазір мың теңгеден асып жығылады. Осы ретте шаруаларға мал азығына бөлінетін субсидия алу шарттары жеңілдетілді.

Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Ірі қараның басы 50 бастан асқан жағдайда төленетін ережеге өзгеріс енгізе отырып, 30 бастан асса төлейтін қылдық. Ірі қараның аналық басына 30 мың теңге берілетін болса, көбірек қамту мақсатында 15 мың теңге алайық деген ұсыныстар болды. Сөйтіп 15 мың теңге болғанымен, есесіне қамтылған шаруалардың саны артты. Бір сөзбен айтқанда 1,7 млрд-тан басқа былтыр 792 млн, биыл 376 млн теңге қаржы бөлдік.

Жалпы жыл сайын өңірде төрт түлік саны 6-14%-ке өседі екен. Бірақ мал басының жеке сектордағы үлесінің басым болуы мен өнімділігінің төмендеуі тауарлы өндірістерді ұйымдастыруға кедергі болып отыр. Сондықтан өңірдегі майда қожалықтарды ауыл шаруашылығы кооперативіне біріктіруге күш салынып жатыр. Басты меже – агроөнеркәсіпті дамытумен қатар ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамти отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев