Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Жамбыл облысында 220 ауылға көгілдір отын тартылды

Аймақта 90 жылдары бар-жоғы 27 елдімекенде ғана көгілдір отын болған. Қазір бұл көрсеткіш 83 процентке жетіп отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Мәселен, бір ғана Жамбыл ауданының өзінде 29 ауылға газ тартылып жергілікті жұрт игілігін көріп отыр. Қаракемерге жуырда ғана газ тартылды. Бұл ауыл аудан орталығының іргесінде тұрса да, бұған дейін көгілдір отын болмаған. Жергілікті тұрғын Балқаш Базарбаева қуанышын айтып жеткізе алмай отыр. Кезінде күл шығарып, отын жинайтын зейнеткер қазір үйден шықпай, қолын жылы суға малып отыр.

Балқаш Базарбаева, Қаракемер ауылының тұрғыны:

– Үйіміз жып-жылы. Барлығы дайын. Газымыз жанып тұр. Нанымыз пісіп тұр. Етіміз бен шәйіміз қайнап тұр. Ризамыз. Барлық жақсылық бола берсін осылай. 10 тонна көмір жағатынбыз. Ал енді өткен айда мен 8-ақ мың төледім.

Қазір Жамбыл ауданындағы 42 елдімекеннің 29-ы газ тұтынып отыр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда тағы 10 ауылға жоғары қысымды газ құбырлары тартылды. Қазір ауылішілік газ жүйесі жүргізіліп, үй-үйге кіргізу жұмыстары басталды. Құрылыс аяқталса, ауданның газбен қамтылу көрсеткіші 91 процентке жетеді.

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

– Бізде енді үш елдімекен қалып отыр. Ол Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсауыт елдімекендері. Ол жақта Қаратау, Талас ауданындағы АГРС соғылған жағдайда біз ол елдімекендерге жобалық-сметалық құжаттар боламыз. Сонда бізде 100 процент аудан көлемінде елдімекендер газбен қамтылатын болады.

Жалпы Жамбыл облысында тәуелсіздік жылдары 220 ауыл көгілдір отынмен қамтылған. Қазір өңірдегі газдандыру көрсеткіші 83 процентке жетіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә