Түркістан облысында Өзбекстанмен шекаралас каналды тазарту басталды

Түркістан облысындағы трансшекаралық каналды тазалау жұмыстары басталды. Себебі соңғы уақытта суармалы алқапқа келетін су көлемі екі есеге азайып, шаруалардың шағымы көбейіп кеткен еді. Екі жақты келіссөздің нәтижесінде Келес ауданына тартылған каналды Өзбекстанның техникасы тазалауға кірісті.

Бозсу өзенінен келетін канал Келестегі ағайынның шаруасын шатқаяқтап қойғалы қашан. Себебі бастау көзі көрші елде болғасын кеңестік кезеңнен бері тазалық көрмеді. Осылайша арнаға ерте көктемде секундына 6 текше метр су келіп, жаз уақытында мүлде тартылып қалады. Ал осыдан 20 жыл бұрын секундына 16 текше метр су жүріп, еш қиындық болмайтын.

Әбубәкір Сапаров, аудандық «Су шаруашылығы» МКК директоры:

- Бозсу өзенінен су қанша ашса да бергі жақа су сыйымдылығы, су өткізгіштік қабілеті төмен болғандықтан шаруалар су тапшылығын көрді. Әсер етті. Су толықтай жетпеді. 5-6 күн болды қазір 2,5 шақырымдай тазалаудан өтіп отыр. Арнайы техника екі жақтама тазалап келе жатыр.

Шаруалар соңғы уақытта суды аса қажет етпейтін өнімге бейімделе бастаған еді. Бірақ тіршілік нәрінсіз құнары азайған қара жердің өнім көлемі де азайып кетті. Себебі 19 шақырымды құрайтын канал Келестің 3 мың гектардан астам жерін сумен қамтамасыз етеді.

Абдулла Шойбек, шаруа:

- Қиындау болды. Су шықпайды. Жақсы тартылмайды. Лайға толып қала беретін еді. Келген су каналдан ағып. Әйтеуір бірнәрсе қылып егетін едік қой егістікті. Рахмет, тазалап жатыр енді.

Каналға қараған Жүзімдік, Бірлесу және Ақтөбе ауылдық округтерінің тіршілігі ауыл шаруашылығына байланғандықтан бірінші болып қуанған да солар. Ауыл еңбеккерлері тоқтаусыз жүріп жатқан техниканың жұмысын көріп, егін жоспарын пысықтауға кірісті.

Нұрлан Әбдірайымов, Солтүстік Ташкент каналының учаске бастығы:

- Биылғы жыл өте қиын жыл болды. Судың жетпеуінен көптеген жерлер қалып кетіп жатыр егілмей. Міне енді Құдай қаласа, канал қазылса халық та үміт қылып отыр. Су мол барса келесі жылы дұрыс болады деген ойдамыз.

Келес ауданында бұдан бөлек ұзындығы 1 мың 45 шақырымды құрайтын 145 канал мен 147 қашыртқы бар. Аграрлы аймақ саналатын өңір үшін судың қашанда маңызы ерек.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов