Алматыда «Мейірім мекені» аталатын орталық пайдалануға берілді

Алматыда 50 отбасыға арналған «Мейірім мекені» деп аталатын орталық пайдалануға берілді. Ғимарат жеке кәсіпкердің қаржысына салынды. Бұл үйде қиын жағдайға тап болған отбасылар мен жалғызбасты аналар тегін тұрады. Коммуналдық төлемге дейін кәсіпкердің өзі төлейді.

«Мейірім мекеніне» алғаш болып келгендердің бірі Жанат Жүсіпова.

«Баспананың зардабын әбден тарттым», - дейді ол. Алматыда 20 жылдан бері тұрады. Тұрмысқа шыққан. 3 баласы бар. Осыдан 1 жыл бұрын жолдасы ішкілікке мүлде салынып, үйден кетіп қалған. Өзі бала-шағасымен қаладан пәтер жалдай алмайтын болған соң саяжайға кетуге мәжбүр болыпты. Мұның үстіне Жанат жасы 80-ге келіп қалған жалғызбасты Жақсыгүл есімді қарияны да қолына алған. 3 жылдан бері әжей осы отбасымен бірге тұрып келе жатыр. Олардың жағдайынан хабардар болған азаматтар осы жерге келуіне қол ұшын берген.

Жанат Жүсіпова, қала тұрғыны:

- Бала-шағамның жататын жері ыңғайлы болып, от жақпайтын жер болса, жұмысқа барғанда уайымдамай кете беретін болсам, онда өзім де жұмысқа ынталымын. Бала-шағаны тастап кете алмаймын. Сол үшін қазір жұмыссыз. Таңдамаймын. Шыға беремін, қандай жұмыс болады.

Ғимарат үш жыл ішінде бой көтерді. Оны салған кәсіпкердің анасының айтуынша, мұқтаж жандарға көмек көрсету отбасының ортақ шешімі екен.

Мәрияш Серікбайқызы, кәсіпкердің анасы:

- Баспанасыз қалған, мүгедек болып қалған, соларды көріп, соларды естіп мен жүрегім ауырып жүрген. Алла айтады ғой тек өзіме, өзіме дей берме. Саған беремін. Сен де бер деп. Алла берді. Біз де халыққа мұқтаж жандарға беруді жөн көрдік. Мына осы үй құтты болып ішінде өсіп-өнсін. «Мейірім мекенінен» кімдерге орын берілетінін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған комиссия шешеді. Әуелі 5 жылға келісім-шарт жасалады. Тұрғындар осы уақыт ішінде жұмыс істеп, жағдайын түзеуге ұмтылуы тиіс.

Нұрбек Әуезханұлы, ҚМДБ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

- Қолымыздан келгенше қолдау көресетіп жатырмыз. Бұл толықтай діни басқармаға өткен дүние емес. Бізде талаптар көресетілген арақ ішпеу, темекі тартпау одан басқа бір-бірімен төбелесіп, теріс пиғылды әрекеттерге бармау, ондай жағдай болса шығарылады. Оның бәрі алдын ала келісім-шартта көрсетіліп қол қойылатын болады.

«Мейірім мекені» үйінде тұрмысқа қажетті дүниенің бәрі бар. Төсек-орын, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техникалық заттар да алынған. Бұған қоса аптасына екі рет өзге де кәсіпкерлердің демеушілігімен азық-түлік таратылады.

Қарлығаш Қайыпбекова, Нұрдәулет Жақсыбаев