Жезқазғанда елімізде құрастырылған жаңа автобустар жолға шықты

Жезқазғанда елімізде құрастырылған жаңа автобустар жолға шықты
inform.kz

Жезқазғанда қоғамдық көлік паркі жартылай жаңарды. Саран қаласындағы зауытта құрастырылған жиырма жаңа автобус желіге шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жаңа автобустар № 1, 3, 6, 8 сияқты төрт қалалық маршрутқа қызмет етеді. Жезқазғандықтар жаңа көліктің жайлылығына оң баға берді. «Автобустар заманауи, Саран қаласындағы «QazTehna» ЖШС зауытында жасалған. Олар «Евро-5» стандартына сәйкес келеді, бейнебақылаумен, пандустарды көтеру жүйелерімен, кондиционерлермен жабдықталған. Бір автобустың сыйымдылығы – 51 адам», – деді Жезқазған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Аслан Арынов. Жезқазғанда барлығы 13 маршрут бар. 9 қалалық және 4 қала маңы. Болашақта қалада ONAY электронды жолақы төлеу жүйесін іске қосу да жоспарда бар. Барлық жаңа автобустар сандық жүйелермен және GPS-құрылғылармен жабдықталған. Бұл City-Bus мобильді қосымшасын әзірлеуге және қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді, ол арқылы тұрғындар қоғамдық көліктің қозғалысы туралы ақпарат ала алады, дейді мамандар.