Ақтауда шатыры өртенген үйдің тұрғындары наразы

Олар қымбатқа алған пәтер сапасына көңілі толмайтындарын айтады. Себебі элиталық санаттағы тұрғын-үй кешені тілсіз жауға дайын емес болып шыққан. Сумен қамту жүйесі талапқа сай емес, өрт сөндіру гидранттары жұмыс істемеген. Салдарынан қызыл жалынды ауыздықтау қиынға соғып, 500 шаршы метр аумақ 2 сағатта жанып кетті. Мұны төтенше жағдайлар қызметі растады. Дегенмен, құрылыс компаниясының өкілі  үй сапасы нашар дегенмен келіспейді.

Мәдина Қалғараева, қала тұрғыны:

- Застройщикке қоятын талаптарымыз көп. Себебі қандай кепіл бар осы қайталанбайтынына. Пожар безопасность сақталмғаған. Шлангтер жоқ, пустой тұр су жоқ, көрші бизнес центрден, басқа ЖКЛ-лардан алды. Акиматтан адамдар келіп қараған болса, көрер еді ғой. Мына пожар безопасность жоқ екенін, сол кезеңде алдын алар еді ғой.

Бақыт Меңдібаев, құрылыс компаниясының өкілі:

- Тұрғындардың шағымы тыңдалды. Үй элиталық санатта болғандықтан қымбат әрі сапалы құрылыс материалдары қолданылды. Кешегі өрт кезінде тек кейбір бөлшектері ғана жанды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр, қорытындысын күтіп отырмыз. Бірақ жөндеу жұмыстарын жасаймыз, барлық шығын өтеледі.  

Естеріңізге сала кетейік, осыдан 3 күн бұрын 17-шағын ауданда орналасқан Флоренция тұрғын үй кешенінің шатыры өртенген болатын. 100 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Элиталық 304 пәтерлі үй биыл пайдалануға берілген еді.