Таразда жаңа иппотерапия орталығы салынып жатыр

Құрылысы аяқталса, қалада тірек-қимыл аппараты зақымданған адамдарды емдейтін алғашқы жабық манеж пайда болмақ, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл науқас жандарға жыл он екі ай атқа мініп емделуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік маңызы зор жобаны жүзеге асыруға мемлекеттен қаржы бөлінбеді. Оған демеушілер тартылған. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі.

 «Асар» оңалту орталығында иппотерапияға тұрақты келетін 40 бала бар. Психоневрологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған жеткіншектер осында келіп атқа мінеді. Бой жазып, осы арқылы ем қабыдайды.

Дана Дариябекова, қала тұрғыны:

– Өзім атқа мініп кішкентайымнан бастап мінемін. Қазір аяғым жақсы болды. Денсаулығым жақсы болды.

Оңалту орталығында бұған дейін жабық манеж болмаған. Қыс келіп, суық түсісімен жұмыс тоқтайды. Онымен қоса ем-дом шаралары да үзіледі.

Сәкен Қабдуллин, иппотерапия жобасының жетекшісі:

– Бала отырған кезде баланың 110 түрлі іс-қимыл қозғалыс жасайды. Соған байланысты адамның қан айналымы жақсарып жақсы ем алады. Екі инструктор бар оқытылған. Одан бөлек балалардың денсаулығын қарап отыратын арнайы медбикеміз бар.

Жаңа манежді салу облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың идеясы. Құрылысы бітсе, орталық жыл бойы жұмыс істейді. Бұл науқастарды көбірек қабылдап, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы аймақта 45 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі тұрғын бар. Оларды оңалту бағытында 16 медициналық-әлеуметтік мекеме қызмет көрсетеді.  

Жорабек Баубеков, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күні 230-дан астам біздің жас бүлдіршінімізге осы қызметтер көрсетіліп, жатыр. 15 бала орта мектепке бару мүмкіншілігін алып отыр. 21 бала сөйлей бастаса, 34 баламыз жүруді де үйренді. Бұл оңалту және бейімдеу бағытындағы жұмыстардың үлкен жетістігі деп білеміз.  

Атқа міну – науқастарды оңалтып бейімдеуге таптырмайтын тәсіл. Оны мамандар да растап отыр. Бұл емдеу әдісі қазір аудандық деңгейде де қолға алына бастады.  Жуырда иппотерапия бөлімі Меркі ауданында ашылды.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә