Әлемнің 12 елінде 780 мемлекеттік тіл сабағы өткізілді

Әлемнің 12 елінде 780 мемлекеттік тіл сабағы өткізілді
Қазақстан халқы Ассамблеясы

Этносаралық қатынастар мен диаспоралдық саясатты дамыту саласындағы жүйелі шараларды іске асыру жалғасын тапты. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жыл қорытындысы туралы ақпаратта жарияланған деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрліктің бастамасы бойынша Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Қазақстанда және Орталық Азияда алғаш рет «Этносаясат» мамандығы бойынша екі жылдық магистратура ашылды. Этносаралық қатынастардың өзекті тақырыптары бойынша 15 әдістемелік құрал әзірленіп, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардан 3 мыңнан астам адамды қамтитын 23 семинар-тренинг өткізілді. Жалпыұлттық бірлік пен келісімнің қазақстандық моделін ілгерілету бойынша 2 мыңнан астам адамды қамтыған еліміздің 4 өңірінде республикалық лекторийлер ұйымдастырылды. Израиль, Болгария, Ресей, Украина және басқа да бірқатар елдердің сарапшыларының қатысуымен «Қазіргі кезеңдегі этносаралық келісім: тәжірибе мен алдағы міндеттер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты базасында талдамалық жұмыстың бірыңғай жүйесі құрылды, барлық өңірлердегі ахуалға далалық зерттеулер ұйымдастырылды. ҚР АҚДМ қызметкерлері ахуалды зерттеп, этносаралық қатынастарды дамыту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеу үшін Қазақстанның 10 өңіріне мониторингтік сапарлар жасады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен бірлесіп, мемлекеттік тілде «Қазақстан халқының ертегілері» атты 2 томдық кітап жарық көрді. Кітапқа Қазақстанның 25 ірі этносының 114 халық ертегілері енген. Қазақстан халқының ертегілер жинағы алғаш рет қазақ тілінде Қазақстанның түрлі этностарының әдеби мұрасы ретінде басылып шығуда. Түркиядағы диаспоралық саясат шеңберінде Еуропа елдерінен 100-ден астам делегаттың қатысуымен Қазақтардың кіші құрылтайы, 5 ел өкілдерінің қатысуымен Түркі Кеңесінің диаспоралар мәселелері жөніндегі жауапты министрлердің 4 отырысы өткізілді, құрамында 88 масс-медиа бар шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығы құрылды. Әлемнің 12 елінде 780 мемлекеттік тіл сабағы өткізілді, оған 1300-ден астам отандасымыз қатысты.