Курчатовтағы қаңырап бос тұрған ғимарат балабақшаға айналады

Курчатовтағы қаңырап бос тұрған ғимарат балабақшаға айналады

Курчатов қаласындағы қараусыз ғимарат қайта жөнделеді, деп хабарлайды Хабар 24.

10 жылдан бері қаңырап тұрған екі қабатты нысан, көп ұзамай балабақшаға айналады. Жергілікті билік осылайша, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі кезекті қысқартпақ. Жобасы да дайын. Ескі ғимаратты қалпына келтіруге 500 миллион теңгедей қаржы жұмсалады.

Мына балабақшада жаңажылдық таңертеңгілік өтіп жатыр. Мерекелік шырша шарасы мұнда күнде ұйымдастырылады. Өйткені оған 300-ге жуық бүлдіршіннен құралған барлық топтар қатысып үлгеруі керек.

Ольга Ильина, балабақша меңгерушісі:

– Біздің балабақшамызда 11 топ бар. Соның төртеуі мемлекеттік тілде, қалған 7 топ ресми тілде тәрбие алады. Қазір мекемеміз лық толы, 290 бала бар. Түрлі себептермен орын босап жатса, біз кезекте тұрған бүлдіршіндерді қабылдаймыз.

Курчатовта 128 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Үш мектепке дейінгі білім беру мекемесі мен екі шағын-орталық жұмыс істейтін қала үшін бұл, әрине, жақсы көрсеткіш емес. Кезекте тұрған балаларды балабақшамен қамту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ескі ғимарат қайта қалпына келтіріледі.

Әсем Ұлықпанова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Біз бұл мәселені шешуге міндеттіміз. Өйткені қаламызда бөбекжайға баратын жастағы балалардың көбі үйде отыр. Қайта жөндеуден өтетін ескі ғимарат бұрын 120 орындық балабақша болған.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асатын жобаның жалпы құны – 482 млн. теңге. Жаңа әлеуметтік нысан алдағы көктемде пайдалануға беріледі.

Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов