Халық сайлаған әкімдер не тындырып жатыр?

Түркістан облысында сайланған әкімдер қызметіне кірісіп кетті. Олардың арасында Қарнақ елді мекеніне басшы болған Мұртаза Деметов те бар, деп хабарлайды Хабар 24.

Қарнақ – Түркістан қаласының маңындағы шағын ғана ауыл. Өзге аймақтардан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ ауыл жастарының белсенділігі мен ел ертеңіне деген сенімі жоғары. Өзгерісті қалаған жұрт ауыл әкімін ел ішінен таңдады.

БЛИЦ:

- Ауыл әкімінің отырғанына көп болған жоқ. 2-3 айдай болды. Енді көрінеді ғой.

- Істеп жатыр. Жұмысы жақсы.

- Асфальтті дұрыстап берсе. Жақсы болар еді. Су жақсы.

Ауыл әкімі Мұртаза Деметов ішкі мәселелер мен әлеуметтік жүйенің қыр-сырын жақсы біледі. Мемлекеттік қызметте 10 жылдан бері қарапайым маман болып еңбек етіп, елдің ықыласына ие болған. Сондықтан жауапкершілік жүгін жақсы түсінеді.

Мұртаза Деметов, Қарнақ ауылының әкімі:

- Күнде жұмысқа келген уақытымда ауыл орталығын және көшелерін жаяу айналып шығамын. Адамдармен кездесемін. Сұраймын. Содан жұмысымды бастаймын.

Әкім өз жұмысын ең әуелі ауылды абаттандыру мен өңірдің жасыл-желегін реттеуден бастады. Себебі көз көріп тұрғандай ретсіз сауда, жүйесіз такси қызметі өзгерісті қажет етеді. Қазір қарнақтықтар үшін жаңа жобаның эскизі таныстырылды. Жобалау-сметалық құжаттары да әзір. Тек келісімді күтіп отыр.

Мұртаза Деметов, Қарнақ ауылының әкімі:

- Ауылдың бюджеті жетпейді. Сол себептен біз оны қала әкімшілігіне алып кірдік. Қорғап, содан республикалық, облыстық бюджеттерден қаражат сұратқызамыз. Бізде өзімізден 21 млн жиналды жергілікті салық түсімдерінен. Ол абаттандыруға қағамдастық келісімімен жұмсалады.

Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 67 ауыл әкімі халық таңдауымен сайланды. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала майталмандары да бар. Орташа жасы 46 жасты құрады. Ең кішісі – Сарыағаш ауданындағы Дарбаза ауылдық округінің 29 жастағы әкімі. Ал 35 әкім қайта сайланып, өз орнын сақтап қалды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Рауль Габитов, Ерболат Әбіш