Қостанай облысында астық қоры бұрынғыдан аз

Қостанай облысында астық қоры бұрынғыдан аз

Астықты өңір Қостанай облысына жазда құрғақшылық зардабы қатты батты, деп хабарлайды Хабар 24.

Орташа бидай түсімі гектарына небәрі 7,2 центнерден айналды. Шамамен, мың гектардай алқап күйіп кетті. Көптеген шаруашылықтар жем-шөптен де таршылық көрді.

Бұл мал бағып, егін еккен ауыл адамдарының жанайқайы. Әсіресе шілденің шіліңгір ыстығы облыстың оңтүстік аудандарына әсіре әсер етті.

Ширек ғасыр егіншілікті кәсіп еткен аманкелділік Жоламан Тапаев мұндай қуаңшылықты алғаш рет көріпті. Мамыр айында еккен бидайдың дәні жоқ, бос қауыз ғана. Құрғақшалыққа төзімді деген тұқымның өзі биылғы аптапқа төтеп бере алмаған.

Жоламан Тапаев, шаруа:

– 58 күн өтті, әлі бір тамшы тамған жоқ. Жыл сайын егіліп жүрген тұқым. Өткен жылы осы тұқым 7 центнерден берді. Биыл жеті түгіл үштің өзін ала аламыз ба білмейміз.

Айтқандай-ақ, Аманкелді, Науырзым, Жанкелдин аудандарында астық түсімі гектарынан 2-3 центнерден ғана шықты. Жалпы облыс бойынша биыл 2,9 миллион тонна астық жиналды. Бұл бұрынғы меженің жартысы десе болады. Күнге күйген шабындықтың да биыл шөбі селдір. Әсіресе Жітіқара, Бейімбет Майлин, Денисов аудандарында мал азығына деген тапшылық туындады. Бірақ көптеп, көлемдеп бұл мәселе де оң шешімін тапқан.

Нұрсұлтан Қабделов, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

– Жем-шөптің жетіспеушілігін болдырмау үшін су жағалауларының бойында, ормандардың жиегінде, сүр жерлерде, яғни барлық шөп өсетін жерден шөп дайындау жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында бүгінгі күні 1 миллион 84 мың тонна шөп дайындалды. Малдың қыстап шығуына толығымен жеткілікті.

Сала мамандарының айтынша, үш жыл қатарынан құрғақшылық болуы Тобыл өңіріне таңсық емес. Бірақ төртінші жылға ұласуы күтпеген жайт. Ғаламдық ауа райының жылынуы мұндай құбылыстың биылда қайталануы мүмкін дейді ғалымдар.

Алмабек Нұғыманов, ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты:

– Келесі жылы құрғақшылық болуы мүмкін. Сондықтан біз оған дайын болуымыз керек.

Ресми мәліметке сүйнесек, Тобыл өңірі қамбаларындағы астық қоры өткен жылдарға қарағанда 18 процентке аз. Бірақ елді қамтамсыз етуге толық жеткілікті көрінеді.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг