Газ бағасына қатысты тергеу басталды

Батыстағы 19 жанар-жағармай станциясы газ бағасына картельдік келісім жасаған болуы мүмкін, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл салада ауыр қылмыс саналады. Сондай-ақ елдегі 5-6 компания бағаны негізсіз көтерген. Бұл туралы брифингте бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басқарма басшысы Қуат Асамбеков айтты. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Маңғыстау облысындағы газ бағасы тергеу ісі аяқталғанша 85-90 теңге шамасында сақталуы тиіс. Бұған дейін электронды сатып алу кезінде кәсіпкерлер газды 77-80 теңге шамасында сатып алған. Сөйтіп, нарыққа 25-50 проценттік үстемемен шығарған. Жалпы Маңғыстау өңіріндегі газ отынын ай сайынғы тұтыну мөлшері 18 мың тонна. 3,5 мың тоннасы Атыраудағы мұнай өңдеу зауытынан жеткізіледі. Газға деген сұраныс соңғы жылдары күрт артқанмен, өндіруші зауыттардың құрылғылары ескіріп, жаңалау үшін инвестициялық қаржы құйылмағандықтан, өндірісті ұлғайту мүмкін болмады.