Түркістанда тәртіп сақшылары күзетті күшейтті    

Түркістанда жағдай тұрақты. Тәртіп сақшылары қоғамдық қауіпсіздік пен ел тыныштығын күзетіп тұр.

Бұған дейін Жетісай қаласындағы қонақ үйлердің бірінен Алматы қаласында болған, жаппай тонауға қатысқан 3 жас жігітті ұстаған. Олардан 550 мың теңге, есірткі, ерлер мен әйелдердің киімдерін тәркіледі. Ұсталғандардың Алматыдағы бүлік кезінде, ірі сауда үйін тонағаны белгілі болды. Бұдан бөлек, Ынтымақ өткізу бекетінде Түркістандық тағы 2 жігіт қолға түсті. Олардың сөмкесінен 5 фотоаппарат, алтын әшекейлер мен қымбат телефондар табылды. Олардың Алматыдағы Технодом дүкенін тонағаны анықталды. Қазір қалаға кіріп-шығатын жолдардағы блок-бекеттерде әрбір көлік мұқият тексеріліп жатыр.

Нұрбол Тұрашбеков, қала әкімі:

– Қалада қазіргі тыныштықты сақтауға және комендаттық сағатқа байланысты қаланың үш аумағында блок-бекеттер қойылды. Балтакөл, Шәуілдір және Шымкентке шығатын Ынтымақ бағытында. Онда үш жүзден астам сарбаздар жұмыс атқаруда. Ішкі істер органдарына алғыс айтамыз, бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Қалада тұрақты деңгейде жұмыс жүргізілуде.