СҚО-да блок бекеттер әзір алынбайды   

СҚО-да блок бекеттер әзір алынбайды   

Солтүстік Қазақстанда да төтенше жағдай режимі алынғанымен, аймақтағы блок бекеттердің жұмысы 26 қаңтарға дейін жалғасады, деп хабарлайды Хабар 24.

Облыстық жедел әрекет ету штабының өкілдері осындай шешім қабылдады. Өйткені өңірде әлі де террористік қауіптің сары деңгейі сақталып тұр. Қазір тәртіп сақшылары 25 блок бекетте күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар аймаққа кірген-шыққан автокөліктерді тексереді. Ал басқа шектеулердің барлығы алынып тасталды. Жалпы аймақта төтенше жағдай режимін бұзған 120 адам жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ бақылау бекеттерін айналып өтпек болған бес азамат ұсталып, оның төртеуі үш тәулікке қамалды. Тағы біреуіне айыппұл салынды.

Айдын Байматов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

– Өңірде блок бекеттер жұмысын жалғастырады. Мұның барлығы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында орындалып отыр. Ішкі істер органдарының жеке құрамы бұрынғыдай ерекше режимде қызмет етеді. Қоғамдық тәртіп пен маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілерді күзету жалғасуда.