Полиция ардагерлері жұртты бүлікті тергеуге көмектесуге шақырды

Бүлікке қатысты жайтқа куә болсаңыз, тергеу жұмыстарына көмектесіңіз. Полиция ардагерлері тұрғындарды осыған шақырды. Сонымен қатар қылмысты ашуға дәйек болатын заттар пен құжаттарды құқық қорғау органдарына тапсыруды сұрайды. Өйткені кешегі дүрбелеңде бүлікке бастағандарды анықтау маңызды. Ал мамандар айыпталушылардың кім екенін көпішілікке жария етуге әлі ерте екенін айтады.

Елде жаппай тәртіпсіздік бойынша 500-ден астам қылмыстық іс қозғалды. Бірақ тергеу кезінде бұл көрсеткіш жоғарылауы мүмкін. Сондықтан бүлік кезінде зардап шеккен азаматтар ғана тергеу жұмыстарына көмектесе алады, дейді заңгер Марат Қоғамов.

Марат Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, профессор:

- Еліміздің біраз тұрғыны болған бүлікті көрді. Сондықтан куәгер ретінде тергеуге қатысудан қорықпауы керек. Бәлкім кейбірі көптің назарынан тыс қалған нәрсені байқаған шығар. Зардап шексе де қылмыстық іске араласудан бас тартып жатқандар да болуы мүмкін. Фотосурет пен видеоматериал, аудиожазбалар қазір ауадай қажет. Кәсіпкерлік субъектілері тиісті құжаттарын, анықтамалары мен ревизия акттерін құқық қорғау органдарына тапсыруы тиіс. 

Мұның бәрі уақыт ұту үшін қажет. Өйткені тергеушілер «дәлел-дәйек анықтаймын» деп жүргенде нағыз қылмыскерлер көзден таса болуы ықтимал. 

Руслан Тынбаев, отставкадағы генерал-майор:

- Президенттің жарлығымен жедел тергеу тобы құрылды. Бас прокуратура, ҰҚК адамдары бар. Бірнеше топ бар. Солар үлкен жұмыс істеп жатыр. Бұл енді жұмысты қызмет істеп жатқанда айтуға құқы жоқ заң бойынша. Сондықтан қазір оларға үлкен көмек халықтан. Кім нені көрді? Кім қандай нені телефонға түсірді? Соның барлық материалын соларға берсе, тергеу тез жүреді.

Бейбіт шерудің арнасын жаппай бүлікке бұру науқаны алдын ала жоспарланғаны белгілі. Өйткені бұзақылардан құралған бірнеше топтың тыңғылықты дайындалғаны білініп қалды.   

Осман-Рустамбек Бижігітов, отставкадағы генерал-майор:

- Менің ойымша, қылмыскерлер жасырын желі арқылы сөз байласқан. Олай болмағанда Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық Қауіпсіздік комитеті алдын ала хабардар болар еді. Яғни бұл акцияға 1 жыл бойы дайындалған болуы әбден мүмкін. Тергеу барысында жаңа қылмыскерлер анықталып жатса таңқалмаймын. Сондықтан кінәлілерді толық анықтауға 2 айдың өзі аздық етеді. Осыған байланысты құқықтық негізге мән беру керек.

Бірқатар секторда қордаланған мәселе көп. Кешегідей оқыс оқиға кезінде күш құрылымдарының жұмысын шұғыл түрде үйлестіре алатын жаңа нормативтік база қажет. Бұл туралы тек полиция өкілдері емес, Президенттің өзі айтты. Осы бағытта мемлекет басшысы бірқатар тапсырма берді.

Айтқали Есенғұлов, ҚР бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары:

- Біз қарапайым халықтың арасынан шыққан соң халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Алғашында күш құрылымдары осыны уыстан уақытша шығарып алды, оңтайлы қадам жүргізе алмады. Бұл үлкен қателік. Және мұны еш жасырмаймыз. Мемлекеттік мекемелердің қорғалмай қалуы жүйедегі саңылауды аңғартты. Ішкі істер министрлігінің арнайы қызметтерін де қайта қарау керек. Уақыт созбалаудың еш қажеті жоқ.

Тәртіпсіздік кезінде бірнеше қару-жарақ дүкені тоналды. Ұрланған қарудың бір бөлігі тексеру және құрықтау жұмыстары кезінде тәркіленді. Енді қалған арсеналды табу қажет.

Марат Қоғамов, заң ғылымдарының докторы, профессор:

- Дүкендерден қанша қару ұрланды және бүліктен кейін қанша қару тәркіленді. Осы айырмашылықты нақтылап алуымыз керек. Содан соң бір қаруды бір адам иемденді деп алсақ, бостандықта жүрген қылмыскерлердің санын да шамамен білуге болады.

Заңгердің айтуынша, қылмыскерлердің негізгі құрамы наурыз айында белгілі болуы мүмкін. Дактилоскопиялық тіркеу тергеу жұмыстарын жеңілдетер еді. Яғни осындайда ел азаматтарының саусақ іздерінің базасы керек ақ. Бірақ жүйені енгізу белгісіз себептерге байланысты 2023 жылға қалдырылды. 

Мирлан Алтынбек, Ирина Панфилова