Петропавлда ПИК-тің аты ауысып жатыр, заты қандай болмақ

Елдегі барлық пәтер иелері кооперативтері бірінші шілдеге дейін жұмысын тоқтатады. Яғни, оның орнына мүлік иелерінің бірлестігі құрылады, деп хабарлайды Хабар 24.

Петропавлда 80-нен астам үй осы жаңашылдықты құп көріп, тәуекел еткен екен.

Сөйтіп, атауы ауысқан мекеменің ісінде қандай айырма болмақ Надежда Пугачева – көпқабатты тұрғын үйдің тірлігіне тікелей жауапты тұлға. Соңғы бірнеше жыл пәтер иесі кооперативін басқарған. Қазір мүлік иелері бірлестігінің төрайымы қызметіне тағайындалып, құжаттарын рәсімдеп жатыр. Жергілікті жұрт оны бірауыздан сайлап алыпты. Басты міндеті – ай сайын жиналатын қаржыны тиімді жұмсау.

Надежда Пугачёва, МИБ төрайымы:

– ПИК болған кезде штатымызда бірнеше адам болған. Ал жаңа ұйым бойынша біз оларды жалдауымыз керек. Яғни қызмет көрсету органдарымен келісімшартқа отырамыз. Бұл жерде ең бастысы тұрғындар тарапынан барынша қолдау болса деймін. Егер халық бір адамдай барлық іс шараларға қатысса, тиісті шешімдер қабылданады деген ойдамын.

Жаңа жүйенің тиімділігін жұрт түсіне бастады. Өйткені бұрын пәтер иелері кооперативі бірнеше үйге қызмет көрсететін. Яғни аударылған ақшаның қайда кетіп жатқанынан халық бейхабар болатын еді. Ал қазір «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидасы қалыптасқан.

Сергей Худяков, қалалық пик қауымдастығының төрағасы:

– Ең бастысы тұрғындар есеп-қисапты көріп отырады. Яғни бірлестік басшысы ай сайын қандай жұмыс атқарылғаны жайында есеп береді. Жалпы осы жүйе озық елдерде қалыптасқан. Бұл өз кезегінде тұрғын үй қорын жақсартуға бағытталып отыр.

Бүгінгі күні Петропавлда 1106 көпқабатты тұрғын үй бар. Ал олардың 447-де мүлдем басқару жүйесі жоқ.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Биылғы жылдың бірінші шілдесіне дейін уақыт белгіленді. Егерде осы уақытқа дейін ПИК жаңа формаға ауыспайтын болса, онда сотқа беру арқылы оларды мәжбүрлі түрде жаңа формаға өткізетін болады. Егерде жаңадан тағайындалған төрайым аула бойынша жұмыстарын уақытылы орындамайтын болса, онда тұрғындар жиналыс өткізіп оны орнынан босатуға құқылы.

Айта кету керек, қазір елімізде үш мыңға жуық көпқабатты тұрғын үйде мүлік иелерінің бірлестігі құрылды. Ал оның 82-і Петропавл қаласында.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев