456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді – Үкімет

  • 141
  • UPD: 19:52, 18.01.2022
Бағаны негізсіз көтеруге жол берілмейді – Үкімет

Алып-сатарларға азық-түлік пен тауар құнын негізсіз өсіруге жол бермейміз. Бүгін жаңа үкіметтің екінші отырысында премьер-министр осылай деп мәлімдеді. Әлихан Смайылов әсіресе өңір әкімдеріне бағаға бақылауды күшейтуді тапсырды. Жиында субсидия мәселесі де сөз болды.

Қазір үй жанындағы ұсақ дүкендерден көз сүрінеді. Тұрғындар үшін ыңғайлы, бірақ қымбат. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, көп жағдайда тауарлардың бағасын дәл осындай үй жанындағы кішкентай дүкендер көтереді.

Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Осы дүкендер көбіне 15%-дық сауда үстемесін сақтамайды. Нәтижесінде, монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті аясында шаралар қабылдайды. Үйдің жанындағы бөлшек сауда дүкендеріндегі бағаның өсуі жөніндегі шағымдар жергілікті атқарушы органдарға жолданады.

Тұтыну тауарлары мен қызметтер бағасын көтеру фактілерін анықтау үшін жедел желі құрылған. Бір аптада  2000-нан астам өтініш келіп түсіпті. Хабарламалардың 50%-ы Алматы қаласының тұрғындарынан, 30%-ы елорда мен 20% - ы өзге өңірлерден. Қазақстандықтар әсіресе «Яндекс» такси қызметінің бағасына көп шағымданған. Қазір оның қызметі тергеліп жатыр. Жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға қарапайым халықты қанауға жол бермейміз дейді, премьер-министр.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрі:

– Бәсекелестікті қорғау агенттігі монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту керек. Біз  жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет.

Әлихан Смайловтың сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа сату бойынша шектеу қою қажет. Әуелі өзімізге, өзгені сосын көреміз. Осылайша, 1-нші шілдеге дейін күнбағыс майы, 3 ай мерзімге картоп пен сәбіз экспортына, ірі қара мал мен ұсақ малды 6 ай мерзімге шығаруға, жем-шөпті сыртқа тасуға тыйым салынды. Сондай-ақ, шаруалар үшін тағы бір жаңалық – субсидия енді ақпараттық жүйемен беріледі.

Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Министрлік субсидиялаудың бірыңғай интеграцияланған мемлекеттік ақпараттық жүйесін әзірледі. Субсидия алушылар үшін ақпараттық жүйенің қызметтері тегін болады. Қазіргі уақытта біз оның тестілеуін Ақмола облысында ілкі режимде іске қосамыз.

Сонымен үкіметтің бүгінгі отырысында елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандырудың іс-жоспары бекітілді. Ол 51 шарадан тұрады.

Гүлжан Марқабаева

Хабар 24 телеарнасы