Экологияға залал келтірген мекеме 4,5 млн теңге айыппұл арқалады

Экологияға залал келтірген мекеме 4,5 млн теңге айыппұл арқалады

«Өскемен титан магний комбинаты» 4,5 миллион теңге айыппұл төледі.

Өткен жылдың 21 желтоқсанында кәсіпорын аумағынан ауаға қою түтін тараған. Жұрт өндірісте жарылыс болды деп әлеуметтік желіде қауесет таратты. Шығыс Қазақстан облыстық экология департаменті бірден жоспардан тыс тексеру жүргізіп, ауадағы хлор мөлшері рұқсат етілгеннен төрт жарым есе жоғары екенін анықтады.

Экологтар бір айға жуық жүргізген кешенді тексерудің ресми қорытындысын енді жариялады. Өндірістің ауаны ластағаны нақты дәлелденді. Кәсіпорын қондырғыларды тазалау бойынша жасалатын жұмыстарды өңірлік экология департаментімен келісіп атқаруы тиіс еді. Алайда құзырлы органдарды ескертпеген.

Рауан Тұраров, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары:

– Мекеменің айтуы бойынша, хлораторлы құрылғыда төрт фурманы бір мезгілде тазалаған. Сына нәтижесі бойынша көміртегі оксиді 8.9 есеге асу байқалған. Сутегі хлоры 2,1 есе байқалған. Белгіленген нормативтен. Аталған барлық заңбұзушылықтар бойынша мекемеге 4,5 миллион теңге айыппұл салынды. Қазіргі күні айыппұл төленді.