Түркістан облысында еліміз үшін таңсық тауыс құсы өсіріледі

Сарыағаш ауданы Дербісек елді мекеніндегі «Рахманберді» шаруа қожалығы ерекше құс түрлерін өсірумен айналысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, мұнда қырғауыл, тауық, кептер, түйеқұс, Азия кекілігін және қаз-үйректің бірнеше түрін кездестіруге болады.

Рахманберді Өсербаевтың шаруашылығы Дербісек ауылының шетінде орналасқан. Бұл жер құдды бір зоопарк сияқты. Мұнда қанаттылардың бірнеше түрі бар. Ішіндегі ең ерекшесі - тауыстың үндістандық түрі. Шаруа павлин өсіруді осыдан бірнеше жыл бұрын қызығушылықпен қолға алған. Бір жұп тауысты сатып алдып, санын 40-қа дейін жеткізіпті.

Рахманберді Өсербаев, шаруа:

- Қазір сегізін алып қалдық. Қалғанын достарымызға сыйладық, біреулерін саттық. Хобби ретінде әкелгенбіз. Ешқандай да ерекшелігі жоқ. Жылыжай да керек емес. Далада отырады. Бидай, жүгері жейді. Тауықтың жегенін жейді. Аса күтімді қажет етпейді.

Бұған дейін тауыс өңір үшін таңсық құс болып келді. Үй жағдайында оны ешкім өсіріп, көбейткен емес. Жергілікті шаруа Рахманберді Өсербаев алғашқылардың бірі болып өсіруді қолға алды. Сонымен қатар ол шаруашылығында қырғауылдың 7, тауықтың 5, үйректің 2 түрін өсіріп, кептер, түйеқұс, азияттық кекілік, қазы, күрке, бөдене бағумен де айналысады.

Рахманберді Өсербаев, шаруа:

- Түрлі құстар бар еді, қысқа қарай азайтқанымыз, әйтпесе 200-дей құс бар еді мұнда. Былтыр түйеқұстың 7 балапанын алып келдім. Оны да өсіріп жатырмыз. Түйеқұс шаруашылығын ашамыз деген ойымыз бар. Былтыр «Золотойдың» 15 балапанын жібердік бостандыққа. Жергілікті қырғауылдармен шатысып, арасынан бір өзгеше түрі шықсын деп жібердік. Аққудың жұбын іздетіп жатырмын. Сонымен шағын жануарлар бағы болады құдай қаласа.

Осылайша шеттен әкелінген құстарды бағудың қыр-сырын әбден үйренген шаруа алдағы уақытта кәсібін кеңейтумен қатар, балық шаруашылығын дамытуды да жоспарлап отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш