Ақтөбеге қосымша қоғамдық көліктер қажет

Ақтөбеде қоғамдық көлікке қатысты мәселе әлі де өзекті. Әсіресе, облыс орталығына жақын орналасқан шағын аудандар мен елді мекен тұрғындары таңертең және кешкісін автобусты ұзақ күтуге мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал осы қаңтарда жолаушылар үшін түрлі бағытқа жіберілуі тиіс 70 жаңа техника өндіруші тарапынан әлі жеткізілмеген. Жергілікті билік бұл проблеманы биыл толық шешпек ниетте.

Себебі тасымалдау қызметін көрсетуге кезекті байқау жарияланып отыр. Оған ақтөбелік компаниялардан басқа, өзге өңірдің де мердігерлері қатыса алады.

Бұл қоғамдық көлікке қатысты мәселе толық шешіле қоймаған «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданы. Қала іргесінде орналасса да, тұрғындарының таң мен кеште облыс орталығына не үйіне жете алмай қиналатыны қалыпты үрдіске айналып барады. Өтініштеріне орай, үш бағытта қатынайтын автобус саны соңғы кезде 23-ке дейін көбейтілген. Алайда аялдамада ұзақ күту тыйылар емес.

БЛИЦ:

- Ұзақ күтеміз. 1 сағат, кейде 2 сағат.

- Балалар мектепке барады, адамдар жұмысқа барады. Кешкісін де күтіп қаламыз. Одан кейін таксиге мінуге тура келеді.

Дәл осындай мәселе «Нұр-Ақтөбеден» өзге, Бауырластар, Жаңақоныс ауылдарына да ортақ болып тұр. Қалаішілік кейбір бағыттарда да әлсін-әлсін автобустар арақашықтығының алшақтығы секілді сұрақтар туындайды. Енді мәселе толық жойылып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы көтерілмейінше, қала әкімі әр аптадағы үш күнін диспетчерлік орталықтан бастамақ. Мұнда келіп түскен әрбір тұрғынның шағымына орай әрекет етуді тікелей бақылауына алмақшы. Ал қосымша автобус сұрап отырған шағын аудандар мен елді мекендер проблемасы әзірге қоғамдық көліктердің бағытына өзгерістер енгізу арқылы шешілмек. Яғни кестеге сай қатынайтын техникалардан өзге, басқа айналыстағы автобустар да сол аудандарға кіреді.

Асхат Шахаров, қала әкімі:

- Қала бойынша 53 маршрут болса, соған қосымша маршрут қосу - бір мәселе. Екіншіден, қайтадан жеті жылдық конкурс осы қаңтар айында аяқталды. Соған байланысты қазір біз жаңадан маршруттарды енгізіп, конкурсымызды жарияладық. Қай компанияның мүмкіндіктері бар, сол қатыса алады. Бұны қолға алып, толықтай шешу керекпіз. Бұл қазіргі таңда бір басты мәселе болып тұр біз үшін.

Қазір күн сайын қала бойынша 250-ге жуық автобус айналымға шығып, жолаушылар тасымалдап жүр. Ал әлі шаһарға қанша қоғамдық көлік керектігі әзір белгісіз. Нақты саны сұранысты толық ескеруден кейін белгілі болмақ. Ал шаһардағы тасымалдау ісін субсидиялау үшін биылғы жылға 4,2 млрд теңге қарастырылған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев