Шымкентте табиғи газ тапшы. Мораторий қашан аяқталады?

Шымкентте табиғи отын тапшы. Газсыз кәсіпкерлердің жұмысы тұралап, тұрғындардың қыс кезінде дегбірі қашты. Көгілдір отын тартуға қойылған уақытша шектеу үш жылдан бері жұрттың бас ауруына айналды. Мораторий қашан аяқталады? Жаңа газ тарату станциясы қашан іске қосылады? 

Қала тұрғыны Ыбрахым үш жылдан бері газ тартуға қойылған шектеудің салдарынан баспанасын күзетіп, күн кешіп келеді. Үйдің жөндеу жұмысы аяқталып қалғанда құрылысы тоқтап, жылу болмаған соң көшіп те келе алмай отыр. Негізі, ол тұратын «Достық» шағынауданы әлдеқашан газдандырылған.

Ыбрахым Кенжебаев, қала тұрғыны:

– Мынау газға келіп тіреліп тұрғандай. Ысуымыз жоқ, жылуымыз жоқ. Барсам мораторий,- дейді. Қазір газ бере алмаймыз, - дейді. Бірақ көршілеріміздің бәрінде бар. Осылай тұр ғой. Счетчиктің показанияларының бәрі  Жылу болмағаннан кейін бәрі зәктеп, өзімен өзі суып кетті.

Табиғи газдың тапшылығынан шағын және орта бизнес нысандары да тығырыққа тірелді. Мәселен өндірістік аймақтан бой көтерген жаңа цех өз жұмысын бір жылдан бері іске қоса алмай отыр. Кәсіпкер 75-100 адамды жұмыспен қамтып, төсек жабындылары мен жиһаз қаптамаларын өндіруге жоспар құрған еді. Сүйтіп 1500 шаршы метр нысанға қажетті техникасын алдыртып, толық әзірлеп қойған. Бірақ...

Кенжеғұл Мұратәлиев, тігін цехының бас инженері:

– Осындай цехты біз салдық. Өзіміздің қаражатымызбен. Енді соның пайдасын көре алмай жатырмыз. Тек қана газдың рұхсатын алмағасын пайдасын көрмедік. Салдық босқа тұр енді. Бір жылдан асып кетті босқа тұрғанына. Басты ғимараттың газына жалғауға болады. Бірақ біз оны істей алмаймыз. Өйткені бізге рұхсат берілген 50 куб/сағ аспауымыз керек. Біз сол 50 кубтан - 1куб асып кетсек штраф салуы мүмкін.

Шымкентте осы мәселені түбегейлі шешу үшін жаңа автоматтандырылған газ тарату станциясы салынып жатыр. Бірақ өткен жылы уақытынан бұрын пайдалануға беріледі деген ауқымды жоба түрлі кедергілерге тап болды. Газ құбыры гидравликалық сығымдау жұмыстарына шыдас бермей, істен шықты. Сөйтіп Ресейден тиісті құрал-жабдықтар алдыртып, қайта орнатқан. Техниканы іске қосу жұмыстарына шетелдік мамандар тартылды.

Владимир Кандыков, газ жабдықтарын шығаратын зауыт өкілі:

–  1 жыл бұрын іске қосылмауының өз себебі Бар. Жұмыс барысында кездейсоқ Жағдайлар болуы әбден мүмкін. Мен сондықтан осында арнайы келіп отырмын.

Ал жауапты мамандар жаңа станцияны іске қосуға дайындық жұмыстары пысықталып жатыр, - дейді. Сығымы қатты табиғи отынды қыста қосуға да болмайды деген ақпаратты алға тартып отыр. Әкімдіктегілер жаппай мораторийді аяқтау үшін «Қаз Транс Газ» ұйымына хат жолдапты. Жұрттың дербес шоттарын әзірлеп, техникалық шартты беруге де ұсыныс айтқан.

Боранбай Болатбеков, қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:

– Бір жыл бұрын тапсырайын деп жатырмыз негізінде. Қазіргі таңда «Қаз Транс Газдың» басшыларына хат жазып жібердік әкімнің атынан. Мораторийді ертерек шешсін деп. Осы 2-3 күнде жауабы келеді. Неге десеңіз газ таратудың жұмысы бітуге жақын қалды.

Шымкентті толық табиғи газбен қамтамасыз ету үшін сағатына 250 мың текше метр көгілдір отын тарату керек. Ал шаһардағы қос станцияның қуаты сағатына 180 мың текше метр-ге ғана қауқары жетеді. Сондықтан 9 миллиард 400 миллион теңгеге тұрғызылған жаңа автоматтандырылған газ тарату станцияның қажеттілігі аса зор болып отыр.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов