«Нұрлы жер» бағдарламасымен берілген үйлер 3 айда жарамсыз күйге түсті

Қарағанды облысындағы Жәйрем кентінде су жаңа үйдің сиқы адам шошырлық кейіпке түскен. Жұрт жаңа пәтер үш айдан кейін тұруға жарамсыз болып қалғанын айтады. «Нұрлы жер» бағдарламасымен берілген көпқабатты баспананың қабырғалары қақырап, сырлы кірпіштері опырылып жатыр. Тұрғындардың жанайқайына кім жауап береді?

85 пәтерлік бұл үй осыдан үш ай бұрын ғана сән салтанатпен жаңа тұрғындарға үлестірілген. Аз қамтылған және көпбалалы жанұялар араға небәрі 3 ай салып қайтадан сан соғып қаламыз деп ойламаса керек. Жаңа деп айтуға келмейтін үйдің қазіргі жайы расымен адам шошырлық.

Раушан Ахан, Жәйрем кентінің тұрғыны:

– Жаз бойы ауылдың жас балаларына күніне 1000 теңгеден ақша төлеп жасатқан. Олардың құрылыс саласынан хабары жоқ. Сол балалардың жасаған жөндеу жұмыстары енді құлап жатыр.

Қабырғалары сыз тартқан көпқабатты үйдегі кейбір пәтерлер көгере бастаған. Ал кейбір тұрғындар мұнда тұрудан бас тартып, кетіп қалған көрінеді. 

Дастан Жайық, Жәйрем кентінің тұрғыны:

– Алғанымызға үш ай болды. Сапасы нашар. Мынау қонақ бөлмедегі бұрыштарды жел үрмесін деп бітеп қойып отырмыз.

Жалпы, бұл үйді қалпына келтіруге мемлекет есебінен 520 млн теңге бөлінген. Тұрғын үйді қабылдап алған Қаражал қаласының әкімдігі болса, мердігерді сотқа бергеннен әріге аса алмай отыр. 

Нұрсұлтан Сауытбаев, Қаражал қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

– Мердігер ұйым «Дәнекер» ЖШС 18 қаңтардан бастап кемшіліктерді жоюға кіріскен. Бүгінгі таңда 6 адамнан тұратын бригада жұмыс істеп жатыр. 25 қаңтар біздің тараптан мердігер ұйымды мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану үшін облыстық мамандандырылған экономикалық сотқа талап-арыз берілді.

Атап өткен жөн, бүгінде Қарағанды облысы бойынша жұмысына салғырт қараған 7 мердігердің ісі сотқа жіберілген. Ал далада қалудың аз-ақ алдында тұрған тұрғындарға күтуден басқа амалдары қалмай отыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбаев