Атырау облысында мал ұрлығы толастамай тұр

Атырау облысындағы Индер ауданының шаруалары мал ұрлығынан көз ашпай келеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Былтыр қараша-желтоқсан айларында ауылдан оншақты ірі қара қолды болған. Тебіндегі жылқыдан бөлек, сиырдың өзін өрістен атып жығып, көлікке басып кете береді. Аудандық полиция бөлімі қырағылықты күшейткенімен бүкіл ауданды қамту мүмкін емес, – дейді.

Қыс түскелі қырдағы малшылардан маза қашқан. Біз аралап көрген 5 қыстақтың малдары ауыл іргесінде жайылып жүр. Тіпті жылқы үйірлерінің өзі көзден таса қылмай бағылады. Соның өзінде қапысын тапқандар шаруаның ақ адал малын оққа байлайды екен. «Есбол» ауылдық округінен оншақты бас мал қолды болыпты. Бұл жерде отырғандардың барлығы дерлік бір кездегі қыстақтарын үлеске алып, ата кәсіпті сақтап келе жатқан ұсақ шаруашылықтар. Олар тіршілігін осы төрт түліктен айырады. Сондықтан шаруа үшін бір қара малдың жоғалуы зор шығын.

Арыстанбек Кенже, тілші:

– Бүгінде малшылар даланың бөрісінен емес, қаланың ұрысынан қорқатын заманға тап болған. Міне, тапа-тал түсте бір табынды сиырды ауылға айдап әкеліп отыр. Себебі, осы таяуда ғана ауылдан 3 бас сиырды атып алып кетіпті.

Мерей Маратұлы, малшы:

– Сиырлар өрістен келді. Бұқа жоқ 6 жасар, үлкен бұқа еді. Өгізіміз жоқ, тағы біреуі жаралы келді. Біз қасқыр тартты деп ойладық. Кейін сойып қарағанда етінен пытыралар шықты. Адамның қолынан келгені анық. Былтыр 6 бас жылқы жоғалттым, екі бие төрт жабағы кетті. Енесінен бөлінбеу керек қой, жабағылар.

Мал ұрлығының жиілеуі жергілікті тәртіп сақшыларын да мазалап отыр. Әсіресе қараша-желтоқсан айларында оңай олжаға құныққандар алыс қыстақтарды торуылдайды екен. Ұсталып жазасын тартып жатқандар да бар. Былтыр ауданда мал ұрлығы бойынша 8 қылмыстық іс қозғалып, үшеуі сотқа жолданыпты. Қалғандары тергеліп жатыр, – дейді тәртіп сақшылары.

Берікқали Жанұзақов, Индер аудандық ПБ басшысы:

– 2022 жылыға қарасақ, ондай мал ұрлығы жөнінде іс тіркелген жоқ. Былтырғы 5 істің төртеуі малдың жайылымда бақташысыз қараусыздығынан байланысты көтерілген істер. Малдың ұрлануы, малдың жоғалуында ең басты мәселе қараусыз жүрген малдар болып отыр. Бір жағынан мал иелері оқиға жөнінде уақытылы хабарламайды.

Индер ауданына қарасты 7 ауылдық округте 8 учаскелік инпектор қызмет етеді. Қосымша жедел іздестіру тобы үнемі дайындықта тұр. Олар қыс түскелі қыстақ маңай мен өрістерді аралап рейд жүргізеді. Бірақ «жарақты күні жау кездеспейтіні» секілді, әзір айылын жиып жатқан ұрылар көрінбейді. Мал ұрлығының өршуіне басты себеп: Индер ауданы көршілес Батыс Қазақстан облысымен шекаралас. Ауданның ең шеткі қыстағынан жарты шақырым шықсаңыз көрші облыстың аумағына енесіз. Аяқты мал  сызықтан асса, ізін суытатын секілді. Айтқандай, былтыр көктемде де ұйымдасқан қылмыстық топ осы ауданның екі үйірін жылқысын атып,  сойып жатқанда ұсталған болатын.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев