Қарағандыда халықаралық стандартқа сай перинаталдық орталық жаңартылды

Қарағанды облысындағы ең көне перинаталдық орталықтың бірі толық жөндеуден өтті. Ғимарат заманауи құрылғылармен жабдықталып, жедел медициналық көмек көрсететін SOS жүйесіне қосылды. 

Енді бұл перинаталдық орталыққа келген әр болашақ анаға бірден қолына арнайы білезік тағылады. Егер оған шұғыл көмек керек болып қалса, қолындағы батырманы басып қалса болғаны. Сигнал кезекші медбикенің ұялы телефонына түсіп, дереу көмек көрсетіледі.

Малика Дінасылова, қала тұрғыны:

– Больница өте жақсы. Кең әрі таза дәрігерлер де жақсы қарайды. Өте ұқыпты, маған ұнады, мен өзім алғаш келіп тұрмын осында.

Ал перзентхананың диагностикалық бөлімі халықаралық «3 Н» жүйесімен қамтылған. Бұл бағдаршам түсі іспеттес, яғни жоспарлы қаралуға келген пациенттер жасыл жолақпен, сары жолаққа жүктілік мерзімі қалыпты өткен пациенттер, ал қызыл жолақты бөлімге жедел көмек қажет пациенттер жатқызылады.

Александра Моторгина, перинаталдық орталықтың басшысы:

– Мұнда кемі жарты ғасыр бойы еш жөндеу жүргізілмеген. Сондықтан өткен жылы жартылай жөндесек, биыл толық жөндеп шықтық. Әрине, қазір жарты ғасыр бұрынғы жағдаймен жұмыс істеу қиын, сондықтан жаңа жабдықтар ана мен балаға оң ықпал етеріне сенімдіміз. 175 орындық бұл орталық енді тіпті жақсы деңгейде жұмыс жүргізеді деп ойлаймын.

Перинаталдық орталықта босанатын әйелдерге арналған трансформер-төсектер мен бүлдіршіндерге арналған жылу сақтағыш үстелдер орнатылған. Потологиясы бар балалардың денсаулығына қарайтын қажетті құралдар да бар. Бұдан өзге перзентхана жаңа операциялық блок пен реанимациялық залмен жабдықталған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев