«Қазақтелеком» қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етті

«Қазақтелеком» акционерлік қоғамында жұмыс істейтін бір топ қызметкер Алматыда наразылық шарасын өткізді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бүгін техникалық бөлімшенің мамандары жұмысқа шықпай, кеңсе маңында жиналып, жалақыларын көтеруді талап етті. Ал компания басшылығы жұмысшылармен келіссөз жүргізіп, барлық мәселе заң және серіктестіктің ішкі құжаттары аясында кәсіподақпен бірлесе отырып қаралатынын хабарлады. Баспасөз қызметі таратқан ақпаратта компания тұрақты түрде жалақы көлемін қайта қарастырып, бұл істе әсіресе техникалық бөлімдердің қызметкерлеріне басымдық беретінін айтқан. Бүгін компанияның барлық қызметкерлеріне бір реттік төлем жасалды. Бұл мақсатта 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

Айнұр Күзербаева, «Қазақтелеком» АҚ менеджері:

– Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы инфляциялық өсім мен ең төменгі жалақының ұлғаюын ескере отырып, компанияның өндірістік сала қызметкерлерінің еңбекақысын одан әрі арттыру мақсатында 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап А8-В6 грейдтері үшін еңбекақы төлеу схемасы қайта қаралады. Сондай-ақ 2022 жылдың ақпан-наурыз айларында жыл сайынғы сыйақыны төлеу жоспарлануда.