Қызылорда облысында жеке үй өртке оранды  

Қызылорда облысында жеке үй өртке оранды. Ал Оралда дүкеннен ішімдік ұрлаған жігіттер енді сотталады. Олардың бұл әрекеті бейнебақылау жазбасына түсіп қалған. Өңірлерде болған осы және өзге де оқыс оқиғалар легі алдағы топтамада.

Қызылорда облысында жеке үйлердің бірі өртке оранды. Оқиға Жалағаш ауылында болған. Тілсіз жау баспананың ас бөлмесі мен үйге іргелес салынған қосалқы ғимаратты шарпыған. Абырой болғанда, өрттен ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір оқиғаның жәй-жапсары анықталып жатыр.

ЕСІРТКІ ЗЕРТХАНАСЫ ЖОЙЫЛДЫ

Еліміздің шығысында есірткіні өсіріп, оны сатумен айналысқан күдікті ұсталды. 40 жастағы Өскемен қаласы тұрғынының баспанасын тінту барысында «марихуана» есірткісін өсіріп, көбейтуге арналған шағын зертхана табылған. Полицейлердің айтуынша ыдыстағы есірткі өсімдіктері белгілі бір температура мен ылғалдылық сақталатын екі қосалқы бөлмеде өсірілген. Тінту кезінде 154 түп «марихуана» анықталыпты. Ал олардың жалпы салмағы 19 келіге жетеді. Енді күдікті 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ЖЫЛҚЫ ҰРЛАҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Жамбыл облысында 16 бас жылқыны қолды қылған күдікті ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал олар Шу ауданындағы шаруалардың біріне тиесілі. Жергілікті тұрғын жылқыларының жоғалып кеткені жайлы өткен күзде хабарлаған екен. Полиция қызметкерлері жүргізген кешенді іздестіру шараларының нәтижесінде Тұрар Рысқұлов ауданының 29 жастағы тұрғыны ұсталды. Аталған дерек бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктінің кінәсі толық дәлелденсе, ол үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

26 ЖҮРГІЗУШІ МАС КҮЙІНДЕ КӨЛІК ТІЗГІНДЕГЕН

Ақмола облысында мас күйінде көлік тізгіндеген 26 жүргізуші ұсталды. Бұл – үш күндік рейдтің қорытындысы. Жүгенсіз жүргізушілер енді 7 жылға көлік басқару құқығынан айрылады. Жалпы алдын алу шарасы барысында полицейлер жол ережесіне қатысты 1700-ден астам заңбұзушылық анықтаған. Атап айтсақ, 264 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаса, 122 жүргізуші техникалық байқаудан өтпегені үшін жауапкершілікке тартылды. Ал тағы 100-ге жуық жүргізуші автомобильді басқару кезінде ұялы телефон қолданған. Сондай-ақ 5 жүргізуші жолда апаттық жағдай туғызғаны үшін айыппұл арқалады.

ІШІМДІК ҰРЛАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Оралда екі ер адам ішімдік ұрлаған. Олардың бұл әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Біреуінің сөреде тұрған шөлмектерді жанындағы адамның сөмкесіне салып жатқаны анық байқалады. Оқиға азық-түлік дүкендерінің бірінде болған. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында күдіктілерді анықтады. Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.