БҚО: Өңірді сұйытылған газбен қамту жолы қарастырылып жатыр

БҚО: Өңірді сұйытылған газбен қамту жолы қарастырылып жатыр

Батыс Қазақстан облысындағы «Чинарев конденсат» кен орнында сұйытылған газ экспортқа жіберіледі. Ал жергілікті нарыққа отын Атыраудан тасымалданады. Жайық өңірінде әлеуетті компаниялардың бірі автогаз өңдеуге дайын. Бірақ шикізат таппай отыр.

Аймақта 103 автогаз құю бекеті жұмыс істейді. Олардың тең жартысы Орал қаласында орналасқан. Сұйытылған газдың литрі шаһарда 60 теңгеден сатылып жатыр. Әзірге отын жетіспеушілігі байқалмайды.

Талғат Мұратбаев, жүргізуші:

– Таусылып қалған кездер болған емес. Жалпы, құюға барғанда да ондай көп кезек жоқ. Әйтеуір, барып тек құйып кетеміз. Газ бағасы бензинмен салыстырғанда үш есе арзандады ғой.

Аймақта сұйытылған газдың айлық қажеттілігі 2600-3000 тонна шамасында. Тауар Атыраудан жеткізіледі. Әйткенмен тиісті мөлшерді үнемі қамти бермейді. Оның үстіне тасымалдауға қыруар қаржы кетеді. Сондықтан алыстан арбаламай, жақыннан дорбалаған тиімді. Облыстағы «Чинарев» кен орнында сұйытылған газ түгелімен экспортқа жіберіліп жатыр. Егер өңделген отын жергілікті нарыққа қолданылса, әлеуметтің әлеуетіне оң ықпал етеді. Әкімдік бұл ұсынысты министрлікке жолдады.

Миржан Нұртазиев, облыстық Энергетика және ТҮШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Өзіміздің облысымызда сұйытылған мұнай газын шығаратын «Жайықмұнай» ЖШС-дан осы ішкі нарыққа сұйытылған мұнай-газ жеткізу бойынша көмек сұралған. Қазіргі уақытта аталған хат Энергетика министрлігінде қаралу үстінде. Алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенеміз. 2000-3000 тоннаға дейін айлық көлемде жеткізуді сұрадық.

Мамандардың мәліметінше, «Чинарев» кен орнын игеруші компаниямен келісім жасалса, жергілікті нарықта сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге дейін арзандауы мүмкін.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов