Қазақстанда тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді — Қ. Өскенбаев

Қазақстанда тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдері әзірленді — Қ. Өскенбаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында жалдау ақысын субсидиялау және еліміздің тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер қаралды.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов баяндама жасады. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев атап өткендей, азаматтардың жекелеген санаттарының мәселелерін жедел шешу мақсатында Мемлекет басшысы тұрғын үйді коммерциялық нарықта жалға алғаны үшін төлем тетігін әзірлеуді тапсырды.

«Бүгінгі күні елімізде шамамен 590 мың адам кезекте тұр, соның ішінде 210 мың адам халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына жатады. Бұл көп балалы отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар», — деді Қ. Өскенбаев.

Соның ішінде, министрдің айтуынша, Еңбек министрлігі базасының деректеріне сәйкес табысы бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен шамамен 70 мың азамат қысқа мерзім ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілуі тиіс. Осы мақсатта жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлемдерді тағайындау қағидалары әзірленді, онда «Отбасы банкі» оператор болып белгіленді. Банк кезекте тұрған адамдарды тұрғын үйге мұқтаждығы өлшемшарты бойынша ақпараттық жүйе арқылы тексереді. Министрдің айтуынша, атаулы көмек қағидаты азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген: 50% мемлекеттік субсидиялар есебінен жабылады; қалған 50% алушы өз бетінше төлейді.

«70 мың азаматқа қолдау көрсету үшін 50 млрд теңге қажет, бұл ретте көрсетілген қаражат жыл сайын кезекте тұрған адамдар санына байланысты өзгеруі мүмкін», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар мыналар: 1) Қазақстан Республикасының азаматтығы; 2) отбасының жиынтық табысының соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспайтын болуы; 3) тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекке қойылғанын растау; 4) тұрғын үй иесі мен өтініш беруші арасында жасалған шарттың болуы. Төлемдерді тағайындау үшін өтініш беруші банкке ЭЦҚ арқылы жүгінеді: 1) төлемдер тағайындауға өтініш; 2) тұрғын үйді жалдау шартын қоса береді. Қалған құқық белгілейтін құжаттар тиісті ақпараттық жүйелерден алынатын болады.

«Отбасы банк» ұсынылған құжаттардың сәйкестігін қарайды және тексереді, растаған жағдайда 10 жұмыс күні ішінде жалдау төлемдерін аударады», — деді Қ. Өскенбаев.

Сонымен қатар республикалық бюджетке жүктемені төмендету мақсатында жергілікті бюджеттерден 10% мөлшерінде бірлесіп қаржыландыру қажет. Яғни, жыл сайын республикалық бюджеттен шығындар 40 млрд теңгені және жергілікті бюджеттер үшін 10 млрд теңгені құрайды. Төлем тетігін іске асыру үшін қадамдық іс-қимыл жоспары жасалды. Біріншіден, өлшемшарттар мен талаптар, сондай-ақ жалдау мөлшерлемесінің шекті құны көрсетілген қағидалар әзірленді. Екіншіден, республикалық және жергілікті бюджеттерді нақтылау қажет. Үшіншіден, «Отбасы банк» өз жүйесінің мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын аяқтауы тиіс. Тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосу мамыр айына жоспарланған. Жоғарыда көрсетілген тәсілдер мақұлданған жағдайда, Министрлік өз бұйрығын бекітуге дайын. Тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер туралы айта келе, министр 2021 жылдың қорытындысы бойынша республикамызда 17,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салынғанын атап өтті. Бұл 151 мың азаматқа өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік берді.

«Тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгені құрады», — деді Қ. Өскенбаев. 

Министрдің айтуынша, биылғы жылдан бастап жер ресурстарын тиімді пайдалану, көше-жол желісін дамыту және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру есебінен жинақы және алуан түрлі құрылыс салу арқылы «шаршы метр құрылысынан» жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға көшу жоспарда бар. Азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешудің негізгі тәсілдері субсидиялар, тұрғын үйді жалға алуға арналған тұрғын үй төлемдері, құрылыс салушылардан дайын тұрғын үйді сатып алу, «ескі орамдарды» реновациялау, проблемалық объектілерді аяқтау арқылы мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері болады. Осыны ескере отырып, биылғы жылға тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық көлемін 17 млн шаршы метр деп белгілеу ұсынылады.

«Бүгінгі таңда құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді, оларда жұмыспен қамтылғандар саны – 641 мың жұмыскер мен маман. Біз жұмыс орындарын сақтау және ұлғайту жөніндегі саясатты одан әрі жалғастырамыз», — деп сендірді Қ. Өскенбаев.

Бұдан басқа, министрдің айтуынша, Министрліктің негізгі мақсаттары тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оның құнының қымбаттауына жол бермеу және халықтың тұрмыс сапасын арттыру. Тұрғын үй және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына жол бермеу үшін Министрлік үш бағытта жұмыс жүргізіп жатыр: Біріншісі – құрылыс саласын цифрландыру. Екіншісі – баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту. Үшіншісі – құрылыс материалдары өндірісін дамыту.

«Құрылыс саласын цифрландыру бойынша ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі жүйесі енгізіліп жатыр, ол құрылыс объектілерін онлайн форматта, оның ішінде ақпараттық модельдеу технологияларын қолдана отырып модельдеуге мүмкіндік береді», — деп баяндады Қ. Өскенбаев.

Өз кезегінде «Е-Құрылыс» жүйесі онлайн-режимде қазаншұңқыр қазудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдегі құрылыс процесін бақылауға мүмкіндік береді. Үлестік қатысу шарттарын есепке алу үшін «Қазтізілім» жүйесі енгізілді. Ол жосықсыз құрылыс салушылардан үлестік құрылыс бойынша тұрғын үй сатып алу қауіп-қатерін барынша азайтады. «Е-Шаңырақ» платформасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің бірыңғай жүйесі және тұрғын үй қорын басқарудың ашықтығын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына мониторинг пен талдау жүргізуді қамтамасыз етеді. Жалпы, министрдің айтуынша, саланы цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар бюрократияны төмендетеді және құрылыстағы рәсімдерді жеңілдетеді.

«Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың инвестицияларының қатысуымен бір ғана объектілердің құнын арттыруды болдырмау үшін мемлекеттік сараптама порталында онлайн-калькулятор енгізе отырып, құрылысқа жұмсалатын шығындардың шекті лимиттері белгіленді», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, бірегей сметалық бағалар, сметалық бағалардың анықтамалары әзірленеді. Бұл өңірлер бойынша сол бір объектілерді салу құнының ауытқуын, сондай-ақ жобалау және жобалау-сметалық құжаттаманы сараптау кезеңдерінде жобалардың сметалық құнының артуын болдырмайды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарын шағымсыз тексеру мүмкін емес және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары объектілерді пайдалануға қабылдауға қатыспайды», — деді Қ. Өскенбаев.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бақылауды күшейту үшін мынадай шұғыл шараларды қамтитын заң жобасы әзірленді:

1. аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында қала құрылысы сараптамасын енгізу;

2. құрылыстың барлық кезеңдерінде объектілерге жоспарлы бақылауды енгізу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы;

3. пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызметті құру.

«Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеу қажеттілігін атап көрсетті. Осыған байланысты Министрлік Қала аумағын сапалы жоспарлау стандарттарының бірінші редакциясын әзірлеп, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберді», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, стандарттар тартымды және ыңғайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыруды, жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамытуды ескере отырып, жинақы құрылысты жобалаудың қарапайым және көрнекі құралы болады. Осы стандарттарды маусым айында бекіту жоспарланған. Аталған стандарттарды ескере отырып, әкімдіктер әртүрлі көздерден қаржыландырылатын тоқсан сайынғы/аудан аралық жоспарларды әзірлеп, бекітіп, инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен реконструкциялаудың кешенді тәсілін әзірлеуі қажет. Бүгінгі күні еліміздің ірі елді мекендерінің қалалық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасының пилоттық жобаларын іске асыруды бастау жоспарланған. Бұдан кейін министр құрылыс материалдары өндірісін дамыту мәселелеріне тоқталды.

«Осы жылдың қорытындысы бойынша құрылыс материалдарының өндірісі 9,8%-ға өсіп, 902 млрд теңгені құрады. Салада 2 472 кәсіпорын жұмыс істейді, оларда шамамен 26,2 мың адам жұмыс істейді», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, жалпы құрылыс материалдарының ішкі нарығы $2,7 млрд құрайды, оның ішінде отандық өндірістің үлесі – 57%, ал импорт – 43%. Көріп отырғанымыздай, қазақстандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент, қабырға материалдары сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін толық көлемде жабады. Барлық жерде құрылыста және жөндеу кезінде тек қазақстандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары қолданылады. Алайда, импортқа тәуелді құрылыс материалдары әрлеу сегментінің қосылған құны жоғары тауарлар болып қала береді. Әдетте, бұл әрлеу материалдары, тұсқағаздар, линолеум, жылу оқшаулағыш материалдар, санфаянс және шыны бұйымдары. Ішкі нарықты отандық өндірістің неғұрлым сұранысқа ие құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Жақын арада жалпы 601 млрд теңге сомасындағы 35 импортты алмастыратын жобаны іске асыру жоспарланған. Санфаянс, қыш тақтайлар, минералдық жылытқыштар, ағаш-сүректі тақталар және т. б. сияқты отандық құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету бойынша жаңа өндірістерді ашу көзделіп отыр.

«Бұл жобаларды енгізу ішкі нарықтағы импорт үлесін шамамен 60%-ға төмендетуге мүмкіндік береді және құрылыс материалдары бағасының ауытқуын болдырмайды», — деді Қ. Өскенбаев.

Министрдің айтуынша, жаңа жобаларды іске қосу 2024-2025 жылдарға қарай өнімнің 10-нан астам түрі бойынша орташа жылдық қажеттілікті $700 млн сомасына жабуға мүмкіндік береді. Тауар позициялары бөлінісінде мынадай құрылыс материалдары – темірбетон бұйымдар, бетон, құрғақ қоспалар, лак бояу, кірпіштер, шыны, кабельдер, ағаш-сүректі тақталар және қасбеттік тақталар бойынша ішкі нарықты 100% жабу жоспарланған. Цифрландыру, реттеуші саясат пен қала құрылысы нормаларын жетілдіру бойынша қабылданып жатқан негізгі шаралар құрылыс процестерінің ашықтығына және құрылыс сапасын арттыруға бағытталған.

«Соның нәтижесінде бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар және саланың инвестициялық тартымдылығын жақсарту есебінен экономикалық өсу үшін негіз жасалады. Салада іске асырылып жатқан жобалар жұмыспен қамтуды және халықтың тұрмыс деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді», — деп түйіндеді Қ. Өскенбаев.

Еліміздің тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер тақырыбын жалғастыра отырып, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов холдингтің 2021 жылдың қорытындылары бойынша тұрғын үй құрылысы шеңберінде қол жеткізген нәтижелері туралы баяндап, жаңа бастамалар ұсынды. Холдинг басшысының сөзінше, облигацияларды сатып алу тетігі арқылы кредиттік тұрғын үй салу бағыты бойынша әкімдіктерге жалпы сомасы 163,7 млрд теңге қорландыру ұсынылды, бұл бекітілген жоспардың 100%. Тұрғын үй құрылыс жинақтары бағыты бойынша 2021 жылы халыққа жалпы сомасы 1,235 трлн теңгеге 82,2 мың жеңілдікпен қарыз берілді. «Отбасы банк» жүйесінде 1,5 трлн теңге болатын 2,2 млн шарт бар.

Үлестік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша жалпы сомасы 372 млрд теңгеге ауданы 2 млн шаршы метр тұрғын үй болатын 70 жоба кепілдендірілді. Жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау бағыты бойынша жалпы сомасы 28 млрд теңге болатын жобалар мақұлданды, ал жоспар бойынша 20 млрд теңге болған. А. Әріпхановтың айтуынша, Холдингтің 2022 жылға арналған жаңа бастамалары келесідей. 

«Тұрғын үйге мұқтаж кезекте тұрғандар тізілімінің дерекқорын мемлекеттік тұрғын үй қорынан «Отбасы банкіне» беру жоспарланып отыр. Холдинг ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары үшін тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігін әзірледі», — деді А. Әріпханов. 

Оның айтуынша, сондай-ақ «Отбасы банк» даму әлеуеті төмен моноқалалардың тұрғындары үшін банк құралдары шеңберінде бастапқы жарнасы 10%, сыйақы мөлшерлемесі 5%, мерзімі 20 жылға дейін болатын жеңілдетілген ипотека бағдарламасын әзірлеуде. 

Қазіргі уақытта, бағдарламаның негізгі параметрлері мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр (ҚМ, ҰЭМ және ИИДМ). Алдын ала есептеулер бойынша, бұл мақсаттарға 2022-2025 жылдары республикалық бюджеттен жыл сайын шамамен 11 млрд теңге бөлу қажет. Өнімді іске қосу 2022 жылдың 1 тоқсанына жоспарланып отыр. 

«Тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң жобасы шеңберінде «Отбасы банкінің» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталық құрылатын болады, ол тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алып, кезекке қоюды, сондай-ақ тұрғын үйге қолжетімділік сатысына сәйкес кезекке тұрған күні бойынша үйді бөлуді бір орталықтан жүзеге асыратын болады», — деді А. Әріпханов. 

Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі орталықтың базасы жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқорларымен біріктіріледі. Бұл кезекте тұрғандар базасын жүргізу, мониторингілеу және өзектендіру процесін автоматтандыруға, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды жасақтап, есепке қоюға мүмкіндік береді. Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын үйді жалдау ақысын субсидиялау шеңберінде, «Отбасы банк» ҚР ИИДМ-мен бірлесіп, субсидиялау тетігін әзірледі. Онлайн-банкингтегі процестер барынша автоматтандырылып, ақпаратты қағаз тасығышта сұрату алып тасталмақшы. Мәселен, өтініштерді қабылдау, табыс деңгейін және өзге де өлшемшарттарға сәйкестігін тексеру, тұрғын үй параметрлерін алу және тексеру, жалдау шарттарын қалыптастыру, қол қою және тіркеу онлайн режимде жүргізіледі.  Қазіргі уақытта платформа субсидиялау тетігіне байланысты пысықталып жатыр. 

«Банктің 17 филиалында интернет қолжетімсіз адамдар үшін өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары дайындалады. Банктің филиалдары мен байланыс орталығы кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Бағдарлама 2022 жылғы мамырда іске қосылады деп күтілуде», — деді А. Әріпханов.

Автоматтандыру мақсатында мемлекеттік органдардың 16 дерекқорынан тұратын сервистер қажет. Қазіргі уақытта «Отбасы банк» ӘМ, ЦДИАӨМ, БҒМ, ҚМ, ЕХӘҚМ және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-пен интеграциялау мәселелерін пысықтап жатыр.