Қарағандыда кәсіпкер лифтке техникалық қызмет көрсетуден тендерді лицензиясыз жеңіп алып отырған

Қарағандыда жеке кәсіпкерлер тиісті лицензиясы болмаса да мемлекеттік сатып алу сайтында «лифтіге техникалық сервис көрсету» тендерін жеңіп алып отырған.

Ал іс жүзінде олардың қандай жөндеу жұмыстарын жүргізгені үлкен сұрақ туындатады. Салдарынан лифтіге мінген адамдар білместен басын бәйгеге тіккен.

Жеделсаты бір қарағанда жеңіл көрінгенімен іс жүзінде өте күрделі әрі қауіпті құрылым. Сондықтан мұқият қарауды қажет етеді. Алайда жеңіл жолмен пайда таппақ болып, желпінген кей кәсіп өкілдері мұндағы тендерге де қатысып, бірақ міндеттерін дұрыс атқармай келеді. Қазір олардың үстінен шағым түсірілген.

Рустам Танишпеков, "Әділдік жолы" ҚБ ҚОФ жетекшісі:

- Бұл жұмыс түрі лицензиялауға жатқандықтан олардың осы қауіпті жұмыспен айналысуға құқығы жоқ. Алдағы уақытта біз хат жолдағанбыз прокуратура мен өндірістік қызметке. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін және де осы бар шарттарды бұзу үшін. 

Жеделсатыға 20 жылдан бері қызмет етіп жүргендер бар. Олар механик лифтіні ай сайын қарап, әр тетігін бақылап жүру керек дейді. Ал шағын жеке кәсіп өкілдерінде мұндай штаттық құрылым да жоқ. Мұның салдары ауыр болуы мүмкін дейді мамандар. 

Салават Кинзибаев, "Қарағандылифт" ЖШС директоры:

- Бұл биылғы жылдың мәселесі емес. Тендерде жиі-жиі бұрын-соңды мұндай жұмыс істемеген, штаттық құрылымы, тиісті мамандары жоқ, былайша айтқанда өзі би, өзі қожа жеке кәсіпкерлер келіп, бағаны төмендетіп алып кетіп жатады. Бір лифтіге шамамен 35 мың теңге қаржы керек. Оған сайманы, қарайтын адамның айлығы дегендей, ал олар бір жолғы тендерді жалған істелген жұмыстар актісін әкеледі де жоқ болады. Салдарынан әрине апатты жағдайларға болып жатады. 

Еске салсақ, осыдан бір апта бұрын ғана Қарағандыдағы меншікті медициналық орталықтың бірінде жеделсаты істен шығып, салдарынан ішіндегі 1948 жылғы азамат қаза тапса, оны жетелеп келе жатқан 1997 жылғы медбике жарақат алған болатын. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Бақытжан Құдияров, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Аталаған факті бойынша ҚР ҚК 156, 306-бабы 3-тармағы бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу органдары қажетті сараптама тағайындады. Қортындысы бойынша нақты процессуалды шешім қабылданады. 

Бұл іске қатысты мемлекеттік орган заңгерлері прокуратура қадағалау жүргізіп, ақ-қарасын ажыратса, жеке кәсіпкерлермен жасаған келісімді бұзуға әзір екендерін жеткізді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев