Өскеменде автобустардың жүру кестесіне сот арқылы түзету енгізілді    

Қаладағы шеткі шағын аудан тұрғындары қоғамдық көліктердің жүру кестесін жиілету мен автобус санын көбейту жөнінде сотқа шағым түсірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселені 3 ай қараған сот істі тұрғындардың пайдасына шешті. Қаладан ең шеткері орналасқан Аблакетка шағын ауданына бұрын 7-ақ автобус жүрсе, енді оның саны 20-ға жетті. Жүру кестесіне де өзгеріс енгізілді. Бұрын жолаушылар автобусты 1 сағатқа дейін тосатын. Енді 7 минут сайын жүреді. Белсенді азаматтар қаладағы басқа бағыттар бойынша қатынайтын қоғамдық көліктер саны мен бағытын қадағалайды.

Вера Томская, қала тұрғыны:

– Судья дұрыс шешім қабылдады. Тасымалдаушы компаниялар автобустардың жүру жиілігін бестен он минут деп көрсеткен. Бірақ ол талапты өздері орындамайды. Біз осыны сотта дәлелдедік. Сонымен қатар қоғамдық көлік кешке сегізде тоқтап қалады. Бұл да дұрыс емес. Онға дейін жүру керек. Өйткені кейбір адамдардың жұмысы тоғызда аяқталады.