Петропавлда контрабандалық жолмен автокөлік тасығандардың ісі сотқа жетті 

Енді автокөлік контрабандасымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі сотта қаралмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Былтыр қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері жапондық темір тұлпарларға жалған құжат жасап, оларды Қазақстанға қосалқы бөлшек түрінде жеткізіп отырғандарды қолға түсірген. Аталған фактіге қатысты төрт азамат күдікті ретінде анықталды. Олардың бірі арнайы топ құрып басқарған. Қалғаны серіктес. Әзірге олардың елге қанша көлік кіргізгені белгісіз. Алаяқтардың арбауына өзге өңірдердің де тұрғындары түсіп қалған.

Светлана Милюшина, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Менің көлігім жарамсыз боп тұрақта тұрған еді. Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері келіп алып кетті. Негізінен оны Көкшетау қаласынан төрт жыл бұрын сатып алғанмын. Қазақстандағы алғашқы иесі мен емеспін. Тіркеуге 2008 жылдары қойылған. Бәрі заңды түрде. Қолымда құжаттарым да бар.

Татьяна Петрова, адвокат:

Күдіктелер былтыр 22 ақпанда қамауға алынды. Оларға экономикалық контрабанда жасау, трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған қатысу, заңсыз алынған қаражатты заңдастыру секілді айып тағылып отыр. Сондай-ақ сезіктілер жалған мемлекеттік нөмірлермен автомобильдерді сатқан.