Covid-19: Павлодарда індет белең алды

Ертіс өңірінде эпидемиологиялық жағдай күрделі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Инфекциялық ауруханалардағы төсек-орындардың тең жартысы толған. Ал амбулаториялық емдеуде алты мыңнан астам адам жатыр. Бірнеше апта бұрын облыста күніне мың науқас анықталып, антирекорд тіркелді. Кейінгі тәулікте 800-ге жуық тұрғын коронавирус жұқтырды. 58 жастағы Константин Лукьянченков инфекциялық ауруханаға сегіз күн бұрын түсті. Өкпесінің 44 проценті зақымданған. Тиісті ем-дом шараларынан соң жағдайы жақсарды. Бүгін ол үшін қуанышты күн. Себебі жазылып, отбасының ортасына оралады.

Константин Лукьянченков, науқас:

– ПТР оң нәтиже көрсетті. Дене қызуым көтерілген соң ауруханаға келдім. Осында шұғыл жатқызылдым. Ауруға шалдығамын деп ойлап көрмеппін. Тұмаураған күндерім болған жоқ, ауруханаға да келіп көрмеппін.

Ал Мәрзия Мағауина ауруханаға бірнеше күн бұрын түсті. 85 жастағы кейуана тұрғындарды денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Мәрзия Мағауина, науқас:

– Алла жазса, жұма, сенбі шығарамыз деп айтты. Үйге барамын. Балаларым күтіп отыр. Жеті балам бар.

Қала маңындағы бұл модульдік орталық 200 орынға шақталған. Ал жансақтау бөлімі 20 орындық. Соның 19-ы толық. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері ауру жұқтырғандар саны күрт артып, дәрігерлердің жүктемесі ауырлады.

Александр Родителев, реаниматолог:

– Науқастардың көбінің созылмалы аурулары бар. Жағдайлары күрделі. Оларға ерекше ем мен күтім керек. Басым бөлігі егде жастағы азаматтар. Ең жасы 56-да. Күшейтілген режимде жыл басынан бері көштік. Кей пациенттеріміз бұл жерде бір ай бойы ем қабылдайды.

Облыстағы емханалардың бақылауында 6500-ден астам адам бар. Науқастар аурудың жеңіл және орташа деңгейін жұқтырған. Мобильді топтардың жүктемесі де артты. Бригадалар күнбе-күн мыңнан астам шақырту алады.

Айдар Сейітқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Облыстағы әр емхананың бақылауында 500-ге дейін науқас бар. Олардың саны күнбе-күн артып жатыр. Мәселені шұғыл түрде шешу керек. Азаматтарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында медбикелер бекеттері жасақталды. Себебі, жоспарлы медициналық көмек тоқтатылмауы керек.

Өңірде 1500 инфекциялық төсек-орын бар. Мамандардың айтуынша, эпиджағдай күрделене түссе, олардың санын арттыруға мүмкіндік бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат