Көкшетауда студенттік жатақханалар тексерілді

Көкшетауда студенттік жатақханалар тексерілді

Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйытқы болған мониторингті жергілікті билік өкілдері, қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен журналистер жүргізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қаладағы барлық жоғары оқу орындарының жатақханаларын аралап, білім алушылардың жағдайымен танысты. Студенттер үйлерінде қазір 3 мыңға жуық жас тұрып жатыр. Тексеріс барысында нысандардың материалдық-техникалық жағдайы, уақытты тиімді өткізу орындарының бар-жоғы назарға алынды. 

Алмат Нүкенов, облыстық Ішкі саясат басқармасының бөлім жетекшісі:

– Барлық жатақханалар талаптарға сай. Жуынатын бөлме мен ыстық сумен, бос уақыт өткізетін орындармен жабдықталған. Ас ішетін бөлмелері бар. Бірақ осы Шоқан Уәлиханов университеті күрделі жөндеу жұмысын талап етіп тұр. Мониторинг барысында университет басшылығына айтылды, ұсыныстар берілді. Осындай жұмыстарды біз енді колледждерде өткізуді жоспарлап отырмыз.